Атырауда полицей формасын киген мас еркектер блогерлерден жасырынбақ болды
Мас адамдар блогерді де, фельдшерді де соққыға жығуға шақ қалды дейді тұрғындар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда тұрғын көліктің ішінде формалы екі ер адамды байқап, олардың жағдайы нашарлаған шығар деп «жедел жәрдем» шақырған. Бірақ кейін оқиға мүлде басқа бағытта өрбіді.
Куәгерлердің айтуынша, ер адамдар мас болған. Олардың бірі жарақат алып ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай қашып кеткен. Екіншісі бірден полицияға тапсырылды. Жолда жедел жәрдем көлігінің ішінде төбелес шығып, блогер түсірмек болған сәтте тағы бір жанжалдың алдын алу қажет болды.
Көпшіліктің назарын аударған жайт — ер адамдардың үстіндегі құқық қорғау органдарының формасына ұқсас киім. Оқиға орнына келген полицейлердің оларды атымен атауы да әлеуметтік желі қолданушылары арасында күдік туғызды.
Куәгерлердің сөзінше, мас адамдар блогерді де, медицина қызметкерін де соққыға жығуға шақ қалған.
Атырау облыстық ПД бұл дерекке қатысты ресми түсініктеме берді:
— Көлікті 29 жастағы қала тұрғыны басқарған. Медициналық сараптама оның мас күйінде болғанын растады. Бұған қоса, ол бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Қазір Қылмыстық кодекстің 346-бабы («Құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы») бойынша іс қозғалды.
Сонымен қатар күдікті полиция қызметкері еместігі белгілі болды, бірақ ол құқық қорғау органдарының формасын киген. Осы үшін ӘҚБтК-нің 675-бабы («Формалық киімді заңсыз кию») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып жатыр. Барлық материал сотқа жіберіледі, — делінген хабарламада.
Материал авторы