Бас прокуратураға православ шіркеуін тексеру ұсынылды
«Демос» ұйымы Ресей шіркеуі тарапынан ықпал ету қаупіне алаңдаулы.
Қазақстандағы қоғамдық пікірді зерттейтін «Демос» ұйымы Бас прокурор Берік Ноғаевтың атына ресми үндеу жолдады. Ұйым өкілдері елімізде жұмыс істеп жүрген орыс православ шіркеуінің діни қызметкерлерін тексеруді сұрап отыр.
Мұндай ұсынысқа түрткі болған – Рейтер агенттігінің зерттеуі. Онда Ресей православ шіркеуінің Молдова діни қызметкерлерін Мәскеудің саяси мүддесіне тартқаны айтылған. Агенттіктің дерегінше, 2025 жылдың тамызында ондаған молдовалық дін өкілі Мәскеуге шақырылып, жол шығындары өтеліп, банк карталары мен қаржылай сыйақы алған. Кейін Telegram арқылы ресейшіл үгіт-насихат тарата бастаған.
«Демос» өкілдерінің пікірінше, дәл осындай тәсіл Қазақстанда да қайталануы мүмкін. Сол себепті ұйым Бас прокуратурадан елдегі православ дінбасыларының арасында қос азаматтығы бар тұлғаларды анықтаудысұраған. Конституция бойынша қос азаматтыққа жол берілмейді.
Үндеуде, егер кейбір діни қызметкерлер елдің ішкі ісіне араласып, саяси немесе ақпараттық ықпал ету әрекеттерін жасаса, мұның бәрі мұқият тексерілуі тиіс деп жазылған. Сондай-ақ діни ұйымдар цифрлық платформалар арқылы жасырын пропаганда жүргізуі мүмкін деген күдік те айтылған.
«Орыс православ шіркеуінің әрекеттері көптеген елдерде алаңдаушылық туғызып отыр. Қазақстан да бұл қауіпке бейжай қарамауы керек», – делінген үндеуде.
Құжатқа «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов қол қойған.
Молдова мысалы
Бұл бастаманың себебі түсінікті. Жақында Молдова парламент сайлауының алдында дәл осындай жағдай орын алған.
Рейтер агенттігі жариялаған зерттеуде Ресейдің Молдова православ шіркеулері арқылы елдің саяси өміріне араласқаны туралы деректер келтірілді.
Молдова билігі сайлау қарсаңында Ресейден келген қаржымен Telegram-арналар ашылып, батысқа қарсы насихат жүргізілгенін анықтаған. Кейбір дінбасылар Мәскеуге барып, «саяхат» деген желеумен ақша алғаны белгілі болды. Нәтижесінде 86 Telegram-арна ресейшіл хабар таратып отырған.
Сайлау күні елде жүздеген кедергі тіркеліп, жарылғыш зат туралы жалған хабарламалар таратылған. Соған қарамастан, президент Майя Санду бастаған еуропашыл «Действие и солидарность» партиясы 50,06% дауыс жинап, жеңіске жетті. Ресейшіл партиялар небәрі 24,25% дауыспен шектелді.
Шіркеу және саясат
Молдова оқиғасы – оқшау емес. Бұған дейін Балтық елдері де Ресей православ шіркеуінің ықпалына қарсы шаралар қабылдаған. Эстония, Литва және Украинада жергілікті шіркеулер мен Мәскеу патриархаты арасындағы байланысқа шектеу қойылған.
Мәселен, Эстонияда Ішкі істер министрі Лаури Ляэнеметс орыс православ шіркеуін террорлық ұйым ретінде тануды ұсынған. Оның айтуынша, бұл шіркеулерді жабу емес, тек Мәскеумен байланысын үзуге бағытталған қадам еді. Кейін ел парламенті заң жобасын қабылдап, Эстония митрополиті елден шығарылды. Полиция оның елде тұру рұқсатын қауіпсіздік себептерімен ұзартудан бас тартқан.
Алайда Ляэнеметстің бұл әрекеті Ресейдің ашуына тиіп, Мәскеу оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Ресей мұны Эстониядағы ескерткіштерді жоюмен байланыстырды.
«Демос» ұйымының уәжі
Қазақстандық «Демос» ұйымы осы оқиғаларды ескере отырып, алдын алу шараларын қолға алу қажет деп есептейді. Ұйым Ресей шіркеуінің ақпараттық және саяси ықпалының Орталық Азия елдеріне де жетуі мүмкінекенін жоққа шығармайды.
«Бас прокуратура мұндай әрекеттердің алдын алып, заң бұзушылықтың бар-жоғын тексеруі керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен ақпараттық егемендікке қатысты мәселе», – делінген Тұрарбек Құсайыновтың үндеуінде.
Рейтер агенттігі туралы
Еске сала кетсек, бұл зерттеуді жариялаған Рейтер агенттігі – 1851 жылы Лондонда құрылған халықаралық ақпараттық ұйым. Қазір ол канадалық Thomson Reuters корпорациясының құрамында жұмыс істейді. Агенттік қаржы, бизнес, саясат, технология және медиа салаларындағы ең беделді дереккөздердің бірі саналады.
Рейтердің Қазақстанда да тілшілері мен өкілдігі бар.
Қорытындылай келгенде, «Демос» ұйымының үндеуі – ресейлік діни құрылымдардың ықпал ету әрекеттеріне байланысты алдын алу шараларын күшейтуді сұраған қадам. Әлемдегі жағдай күрделеніп тұрған шақта мұндай бастама – сақтықтың белгісі.
Сақтықта – қорлық жоқ.
Авторы Серік Алдан