SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында ауыл әкімі мен тұрғындар арасындағы дау бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарап кетті.
Оқиға Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылдық округінде болған. Видеода тұрғындардың әкімнің қабылдауына келіп, оның жұмысына байланысты сұрақтар қойып жатқан сәті көрінеді. Біраздан соң дау ушығып, шенеунік ашуға беріліп, бейәдеп сөздер айта бастаған.
Кадрларда оқиға орнында полиция қызметкері де бар. Бір әйел тәртіп сақшысынан:
«Неге ешқандай шара қолданбайсыз?» – деп сұрайды, алайда ол жауап бермей үнсіз қалады.
Әкімнің дөрекі әрекеті қоғамның назарын аударды. ШҚО әкімдігі жағдайға түсініктеме беріп, Қуаныш Төлеуханнан ресми түсініктеме талап етілгенін хабарлады. Материалдар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданған.
Айта кетейік, Қуаныш Төлеухан Шілікті ауылдық округінің әкімі қызметіне 2025 жылдың 24 шілдесінде тағайындалған. Яғни, ол лауазымда небәрі үш ай шамасында ғана отыр.
RUS