«Алғашқы махаббаты еді»: Атырауда жоғалып, мәйіті табылған қыздың күдіктіге жазған хабарламалары сотта оқылды
Белгілі болғандай айыпталушылар қызды кездесуге шақырып, көлікте тұншықтырып өлтірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотта марқұм Яна Легкодимова мен айыпталушы Ризуан Хайржанов арасындағы хат алмасу оқылды. Тергеу материалдарының он үшінші томына енген бұл жазбалар қыркүйек айының соңына, Яна қаза тапқаннан бір ай бұрынғы кезеңге тиесілі.
Сот залында хаттар бірнеше сағат бойы дауыстап оқылды. Әуелде жылы, нәзік жазбалар уақыт өте келе суық, реніш пен шаршауға толы хаттарға айналған.
«Саған мұқтажбын. Қандай болсаң да қабылдаймын, құрметтеймін. Жұмыстан кейін кездесеміз бе?» – деп жазған Яна.
Ризуанның жауабы қысқа болған: «Неге?»
Кейін ол тіпті суық жауап беріп жүрген.
«Қазір – жоқ», – деп жазған ол бір хатында.
Уақыт өте Яна диалогты сақтауға тырысқанымен, жігіттің үнсіздігі көбейе берген.
«Мені босқа ашуландырма. Мен бәрін айтамын. Сен мені тоңдырасың, мені елемейсің. Мен жылаудан шаршадым. Мен енді жалғыз жыламаймын!» – деп жазған ол бір хабарламасында.
«Қоқан-лоққымен ештеңе шешілмейді. Сен басқа адамға ауыртпалық түсіресің. Менде жүрек жоқ», – деп жауап берген Ризуан.
Олардың жазбаларында біресе «Келші, өтінем», біресе «Бәрін доғарайық» деген қайшылықтар жиілеген.
«Бұл махаббат емес, бұл – бір қорқынышты нәрсе», – деп мойындаған Ризуан.
Яна болса:
«Мен сенің өміріңе сыйғым келді. Не боларын білсем де, бәрін қайта бастар едім», – деп жазған.
Бір сәттен соң әңгіме қоштасуға ұласқан:
«Мен сенімен ғана қоштасам, басқа адаммен емес. Бәрін таста», – деп жазған Яна.
«Мен үндемей кетем. Бұл аз ғана ауырады. Менімен өмір сүру қиын. Маған өлу керек пе?» – деген жауап келген.
Бұл жазбалардың барлығы сотта дауыстап оқылды. Камера мен фотоға түсіруге рұқсат берілгенімен, айыпталушыларды түсіруге тыйым салынды.
Ризуан Хайржанов әйнек қоршаудың ар жағында сабырлы, тіпті сенімді отырған.
Тергеу дерегіне сүйенсек, Ризуан мен оның сыбайласы Алтынбек Катимов Янадан біржола құтылуды алдын ала жоспарлаған.
Бұған дейін жарияланған хаттарда олардың қарым-қатынасы бастапқыда романтика мен қамқорлыққа толы болғаны көрсетілген. Ризуан сымбатты, сенімді, әсерлі сөйлейтін жігіт болған. Яна оны сүйіп, сеніп жүрген кезде, оның басқа сүйіктісі барын білмеген. Бұл шындықты кейін естіген қыз оны ауыр қабылдаған.
Марқұмның анасы Галина Легкодимова сотта сөз сөйлеп, былай деді:
«Яна бәріне өзі жеткен ересек қыз еді, бірақ ішкі әлемі әлі бала болатын. Бұл – оның алғашқы махаббаты еді».
Оқылған хаттар махаббаттың қалай уайым мен бақылауға айналатынын айқын көрсетті: Яна үшін бұл – сезім, ал Ризуан үшін – еркіндігін шектеген ауыр байланыс болған.
Еске салайық, 2024 жылғы 18 қазанда Ризуан мен Алтынбек Янаны кездесуге шақырып, көлік ішінде тұншықтырып өлтірген. Денесін кейін Урал өзеніне тастап кеткен. Тек 2025 жылдың маусымында, сегіз ай өткен соң, оның сүйегі оқиға орнынан жеті шақырым жерде табылған.
Материал авторы