SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі 2024 жылы ел экономикасына 16,1 трлн теңге қосқан. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 12 пайызы. Мұндай дерек «АХҚО арқылы әлеуетті ашу: Қазақстан минералдар саласындағы инвестициялық хаб» атты жаңа аналитикалық есепте келтірілген.
Әлемде «жасыл энергия» дәуірі күшейіп жатқан тұста, сирек кездесетін металдарға сұраныс күрт өсуде. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамынша, 2040 жылға қарай тек литийдің сұранысы 42 есеге дейін артуы мүмкін. Сарапшылардың есебі бойынша, 2050 жылға дейін әлемдік тау-кен индустриясына кемінде 2,1 трлн доллар инвестиция қажет болады.
Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта айтарлықтай қарқын көрсетіп отыр. 2024 жылы секторға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 3 млрд доллар болды — бұл бес жыл бұрынғыдан екі есе көп.
Қазақстанның минералдық картасы: кім неге бай?
Уран – Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ын қамтамасыз етіп, әлемде 1-орында тұр.
Мыс – әлемдік нарықтағы үлесі 3,2%, жылдық өндіріс 740 мың тонна.
Мырыш – 7,6 млн тонна қорымен әлемде 9-орында.
Күміс – соңғы төрт жылда өндіріс екі есеге өсіп, 1000 тоннаға жеткен.
Алтын – жылына 130 тонна өндірілуде, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 30% өсім.
Сирек жер металдары – мемлекет бұл бағытты стратегиялық басымдық етіп белгілеп, 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдады.
Салаға не жетіспейді?
АХҚО сарапшыларының айтуынша, Қазақстанның әлеуеті орасан болғанымен, жүйелік кедергілер әлі бар. Оларды еңсеру үшін үш негізгі бағыт ұсынылған:
1. Маңызды минералдар стратегиясын қабылдау. Барлау, қайта өңдеу мен экспортты біріктіретін бірыңғай саясат қажет.
2. Геологиялық барлауға ынталандыруды күшейту. Лицензиялау мен қаржыландыру жүйесін жеңілдету ұсынылады.
3. Қайта өңдеу мен қосылған құнды арттыру. Тек шикізат экспорттаумен шектелмей, өндіріс тізбегін тереңдету маңызды.
АХҚО бүгінде тау-кен секторындағы шетелдік капиталды тартудың басты платформасына айналып отыр.
Мұнда инвесторларға AIX биржасы арқылы жеңілдетілген листинг ережелері, салықтық жеңілдіктер мен құқықтық қорғау, шетелдік компаниялар үшін резиденттік режим ұсынылады.
Сарапшылардың пікірінше, осы факторлар Қазақстанды сирек және аса маңызды минералдардың сенімді жеткізушісі әрі өңірлік көшбасшысы ретінде бекіте түспек.
RUS