SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана әуежайында отадан кейінгі егде жастағы жолаушылардың рейске жіберілмей қалуы әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Threads желісінде жарияланған жазбада Freedom Travel агенттігі мен SCAT әуе компаниясының әрекетіне қатысты ауыр айыптар айтылған.
Алматы тұрғынының сөзінше, Астана – Атырау бағытына 12 мамырға арналған SCAT рейсінің билеттері Freedom Travel сервисі арқылы бір апта бұрын сатып алынған. Аяғына ота жасалған әйелдердің жағдайын ескеріп, ыңғайлы орындар үшін қосымша ақы да төленген.
12 мамыр күні таңертең жолаушылар әуежайға жедел жәрдем көлігімен сағат 07:30 шамасында жеткізілген. Алайда тіркеу кезінде олардың броньдалған орындары жойылып кеткені белгілі болған.
Автордың айтуынша, SCAT өкілдері мәселені Freedom Travel агенттігіне сілтеген. Ал агенттік қызметкерлері бастапқыда бронь өз қателіктерінен жойылғанын мойындағанымен, кейін жауапкершіліктен бас тартуға көшкен.
«Таңғы жетіден кешкі төртке дейін отадан шыққан адамдар әуежайда нақты жауапсыз, көмексіз отырды. Қонақүйге өздеріңіз жетіңіздер, кейін мүмкін шығынды қайтарармыз деген. Ақырында билетті ауыстырмады, тек ақшасын қайтарды. Оның өзінде комиссия ұстап қалған», – дейді жазба авторы.
Оқиға әлеуметтік желіде кең тарағаннан кейін ғана екі компания ресми пікір білдірді.
SCAT Airlines өкілдері кешірім сұрағанымен, броньды әуе компаниясы жоймағанын мәлімдеді.
Ал Freedom Travel жағдайдың сервистік стандарттарға сай болмағанын мойындап, жария резонанстан кейін кінәні өздеріне алған. Компания 155 430 теңге билет құнын, онлайн тіркелуге кеткен 2 549 теңгені және орын үшін төленген 4 мың теңгені толық қайтарғанын хабарлады. Сондай-ақ қонақүй мен такси шығындарын түбіртек болған жағдайда өтеп беруге дайын екенін мәлімдеген.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға жаппай пікір білдіріп, ұқсас жағдайларға тап болғандарын жазды.
Кейбірі Freedom Travel арқылы алынған билеттерде ақылы орындардың рәсімделмей қалғанын, ал жолаушылар ұшақтың соңғы қатарына отырғызылғанын айтқан. Басқалары мұндай жағдай кез келген адамның ата-анасы немесе әжесінің басынан өтуі мүмкін екенін жазып, сервистің сапасын сынға алды.
Оқиға қоғамда онлайн билет сервистерінің жауапкершілігі мен жолаушылар құқығы мәселесін қайта көтерді.
RUS