«Тұншығып жүрміз»: Атырауда тұрғындар он шақты мысық ұстайтын көршісінен мезі болды (ВИДЕО)
Сасық иістен дем алу мүмкін емес дейді тұрғындар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда көпқабатты үйдің тұрғындары көршісінің пәтерінен шығып жатқан сасық иістен тыныс ала алмай отыр. Бұл туралы Atyrau_today_news Instagram парақшасы жазды.
Авангард-3 шағынауданы, №7 үйдің тұрғындары бірнеше аптадан бері пәтер иесінің әрекетіне наразы. Айтуларынша, әйел өз үйінде он шақты мысық ұстайды. Соның салдарынан кіреберісте жағымсыз иіс пен антисанитариялық жағдай қалыптасқан.
«Үйде балалар да бар, арасында ерекше күтімді қажет ететіндері де бар. Ал подъезге кірсең, дем алу мүмкін емес», — дейді тұрғындар.
Пәтер иесі болса, өзі ол үйде тұрмайтынын мойындаған.
«Мен ол жерде түнемеймін. Тек мысықтар тұрады. Бұл мәселені тек учаскелік полицеймен шешеміз», — деп қысқа қайырды әйел.
Қоғам белсендісі Рүстем Баязиев бұл жағдайды заң жүзінде реттеу керек деп есептейді.
«Бұл үй жақында ғана термомодернизациядан өткен еді. Ал қазір қайтадан шыдауға болмайтын иіс тарай бастады. Енді мұндай жағдайларға жол бермеу үшін пәтерде қанша жануар ұстауға болатынын заңмен нақты шектеу керек», — деді ол.
Тұрғындар жергілікті билік пен санитарлық қызметтен тез арада шара қолдануды сұрап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасында санитарлық нормаларды бұзу — әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Егер мұндай жағдай адамдардың улануына немесе жаппай ауруға себеп болса, жаза түрі түрмеге дейін баруы мүмкін.
Материал авторы