SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Францияда 27 жастағы Алжир азаматы Дабия Бенкиред 12 жастағы Лола Давьені қатігездікпен өлтіргені үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі бойынша ол шартты түрде мерзімінен бұрын босау құқығынан да айырылған.
Париждің қылмыстық соты Бенкиредті кісі өлтіру, зорлау, азаптау және ерекше қатыгездік көрсету баптары бойынша кінәлі деп таныды. Бұл үкім – Франция тарихында әйел адамға тағайындалған ең ауыр жаза болып саналады.
Мемлекеттік айыптаушы дәл осындай үкімді сұраған. Өлім жазасы жойылғаннан кейінгі ең қатаң шара – өмір бойғы бас бостандығынан айыру – бұған дейін Францияда әйелдерге қолданылған емес.
Сот шешімі оқылған сәтте Лоланың анасы мен ағасы көз жасына ерік беріп, бір-бірін құшақтап жылады.
«Біз әділдікке сендік — және ол орнады», – деді олар сот залынан шыққан соң.
2022 жылдың 14 қазанында Париждің солтүстігінде тұратын 12 жастағы Лола мектептен үйіне қайтып келе жатқан. Сол сәтте Бенкиред оның жолын кесіп, үйдің кіреберісінде алып кеткен. Бір жарым сағаттан кейін бейнебақылау камерасы әйелді қайта түсіріп алған — ол ауыр чемоданды сүйреп бара жатқан. Кейін дәл сол чемоданнан Лоланың азаппен өлтірілген денесі табылды.
Бұл оқиға Францияда үлкен резонанс туғызды. Себебі Бенкиред елде заңсыз жүрген: оған ел аумағын екі ай бұрын тастап шығу туралы бұйрық берілген, бірақ ол орындалмаған. Осыдан кейін ел ішінде иммиграция саясатына қарсы көңіл-күй күшейді.
Қызынан айырылғаннан кейін Лоланың әкесі 2024 жылы жүрек талмасынан көз жұмған. Достарының айтуынша, ол сол қасіретті көтере алмай, ішімдікке салынған.
Сот барысында айыпталушы өзін салқынқанды ұстады, үкім оқылған кезде де ешқандай эмоция білдірмеді. Оның адвокаты әзірге апелляция түсіру-түсірмеу жайлы шешім қабылдамағанын мәлімдеді.
Психиатриялық сараптамаға сәйкес, Бенкиред ақыл-есі дұрыс, психикалық ауру белгілері жоқ, бірақ «эмпатиясы төмен, нарциссистік мінезге ие және қоғамға қауіпті адам» деп сипатталды.
Полиция қызметкері сотта куәлік беріп:
«Ол ешқандай өкініш сезімін білдірмеді. Қасіретті фотоларды көрсеткенде де мүлде әсерсіз болды. “Маған бәрібір” деді. Бұл сөз бәріміздің жадымызда қалды», – деген.
Соңғы сөзінде Бенкиред тек:
«Кешірім сұраймын. Мен жасаған нәрсе – қорқынышты. Басқа айтарым жоқ», – деп мәлімдеді.
RUS