2026 жылдан бастап байланыс операторлары алаяқтарға қарсы тікелей жауап береді
Үкімет халыққа хабарласа беретін алаяқтарды тежей алмай отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтық өсіп барады. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Ішкі істер министрлігінің дерегін келтіріп, тоғыз айда 67 млн күмәнді қоңырау тіркелгенін мәлімдеді. Бұл – әрбір азаматқа бірнеше қоңыраудан келеді.
Депутат жазда қабылданған SIM-карталарды биометрикалық тіркеу жөніндегі талап шынайы нәтиже бермегенін айтты. Қазақстандық нөмірлерден әлі де қарқынды түрде жалған қоңыраулар түсіп жатыр. Ол Цифрландыру министрлігі мен Ұлттық банкке заңсыз трафикті бұғаттау тәуекелдері және антиалаяқтық орталықтың жұмысы туралы нақты түсіндіруді талап етті.
Цифрландыру вице-министрі Ростислав Коняшкиннің сөзіне қарағанда, алаяқтардың басым бөлігі ұялы байланыс арқылы емес, хабарласу қосымшалары арқылы әрекет етеді. Оның айтуынша, SIM-картасы жоқ тұлғалар да мессенджерге тіркеліп, жалған қоңырау шала береді.
Министрлік биометриялық сәйкестендіру мен трафикті бұғаттау ережелері енгізілгенін, қажетті жағдайда заңға қосымша түзетулер ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов операторлардың жауапкершілігі алдағы жылдан бастап күшейетінін айтты. 2026 жылдан бастап барлық байланыс компаниясы антифрод орталыққа толыққанды қатысушы болады. Ол орталықта қылмыстық әрекеттер туралы деректер автоматты түрде алмасады.
Антифрод жүйе 2024 жылдан бері іске қосылған. Шолпанқұлов жүйені жетілдіру ұсыныстары қаралатынын айтты.
Материал авторы