11910

«Біреу үйінде суға түсіп жатып несие алады»: депутат Ұлттық банкке шүйлікті (ВИДЕО)

«Қалай ұяттарыңыз жоқ?» дейді Әбенов. Депутат банктердің халықты әдейі қарызға батырып жатқанын жайып салды.

«Біреу үйінде суға түсіп жатып несие алады»: депутат Ұлттық банкке шүйлікті (ВИДЕО)
@mazhilis_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер жұмысына қатысты заң жобасын талқылау кезінде азаматтардың құқығы аяқасты болып жатқанын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, олар әріптесі Бақытжан Базарбекпен бірге 28 өзгеріс ұсынған, бірақ үкіметтің теріс қорытындыларына байланысты бастамалар жүзеге аспай келеді.

Әбеновтің сөзінен:

«Соңғы кездері арыз-шағым өте көп. Біз қанша заң қабылдадық деп мақтансақ та, азаматтар бізге заңмен келеді, ал ұсыныстарымызды Үкімет теріске шығарады».

Онлайн несие рәсімдеудің қолжетімділігі алаяқтықты күрт өсіргенін депутат бірнеше рет ескерткенін айтты.

«Онлайн алаяқтық бойынша өсім — 26 пайыз. Екі есе артқан. Тек екі аптаның ішінде 300-ден астам адам шағымданды».

Оның сөзінше, 2020 жылы банк қызметкерлеріне клиенттің орнына ЭЦҚ қоюға рұқсат берген шешім алаяққа жол ашқан:

«Адам банкке бармаған, өмірінде аяқ баспаған. Бірақ оның орнына электронды қол қояды. Ақша алып, келісімшарт жасап жатыр».

Әбенов банктегі ішкі сыбайластықты ашық атады:

«Онлайн кредиттердің 90 пайызында алаяқтардың сыбайластары банк ішінде отыр. Себебі олар пайызын алып отыр».

Ол азаматтардың төлем қабілеті ескерілмей, қарыз көлемі шектен асатынын да сынға алды:

«Зейнеткер апайға 20 миллион кредит тіркеген. Төлей алмайтынын білесіздер ғой. Қалай ұяттарыңыз жоқ?»

Депутат жұмыссыздықты желеу еткен уәждерді де жоққа шығарды:

«11 мың банк қызметкері жұмыссыз қалады дейсіздер. Қалсын жұмыссыз. Біз банктердің пайдасы үшін бүкіл халықты жылата береміз бе?»

Ұлттық банкке қатысты талап:

«Биометрияны Ұлттық банк емес, тек мемлекеттік жүйе өткізуі керек. Ұлттық банк жеке банктерге тәуелді болып отыр».

Сөз соңында Әбенов нақты ұсынысын жеткізді:

«Барлық несиелерді азамат өзі бармай рәсімдеген болса — жоққа шығару керек. ЭЦҚ-ны несиеге қолдануды алып тастауымыз керек».

Депутат әріптестерін азаматтардың құқығын қорғауға бірлесіп қолдау көрсетуге шақырды.

Материал авторы