«Қорқытқым келді»: Бұрынғы әйелін тоғыз жерінен пышақтаған ер адам сотталды
Есірткіге тәуелді күйеу әйелін өлтірмек болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі сотында бұрынғы жұбайын өлтірмек болған ер адамға жаза тағайындалды. Ол әйеліне жұмыс орнына барып, асхана пышағымен шабуыл жасаған.
Сот дерегінше, дау-дамайдан кейін әйел жуынатын бөлмеге кеткен. Сол сәтті пайдаланған ер адам оның соңынан еніп, арқа тұсынан пышақ сұққан. Жәбірленуші қашуға тырысқанда, күдікті артынан қуып, ғимарат ішінде тағы бірнеше рет жарақат салған. Көшеге шыққан әйелге сыртта да пышақ сілтеуді жалғастырған. Барлығы тоғыз пышақ жарақаты тіркелді.
Куәгерлер араласып, қылмыскерді ұстап, полицияға тапсырған.
Сараптама оның есірткіге тәуелді екенін растап отыр. Сотта айыпты адам кінәсін мойындамай, тек «қорқытқысы келгенін» айтқан.
Сот шешімімен оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сонымен қатар, жәбірленушінің ем-дом шығынын өтеу міндеттелді. Жаза мерзімін өтейтін мекемеде мәжбүрлі ем жүргізіледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы