SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте полиция 12 қабатты тұрғын үйдің төбесіне көлігін көтеріп, көзге түсетін видео түсіру үшін қауіпті маневр жасаған жүргізушіні ұстады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жас жігіт көлігін мұнаралы кранмен шамамен 40 метр биіктікке көтеріп, құрылысы аяқталмаған нысанның шатырында қатерлі қозғалыстар жасаған. Оның әрекеті өзі тұрған аумақты ғана емес, жақын маңдағы адамдардың да өміріне қауіп төндірген.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тез тарағаннан кейін полиция жүргізушінің жеке тұлғасын анықтап, оны жауапқа тартты. Құқық бұзушыға бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұрағына қойылды.
Полиция мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын ескертеді.
«Желідегі танымалдықты қуу үшін жасалатын бұл қадамдар өмірге тікелей қауіп төндіреді» – деп хабарлады департамент.
Бұған дейін Ақмола мен Алматы облыстарында да дрифт жасап, жол тәртібін өрескел бұзған жүргізушілер ұсталып, олардың көліктері айыптұрағына жеткізілген еді.
RUS