243

Алғабастағы қырғын өрттен аман қалған 3 адам ауыр халде жатыр

Өрттен тірі қалған екі ересек пен бір бала үшін дәрігерлер арпалысып жатыр.

Алғабастағы қырғын өрттен аман қалған 3 адам ауыр халде жатыр
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысындағы алапат өрттен аман қалған үш адам – екі ересек және бір бала – ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 18 қарашада Жетісай ауданында болған өрттен кейін медициналық қызметтер дереу күшейтілген режимде жұмысқа кіріскен.

«Ауыр жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілді. Екі ересек және бір бала реанимацияға жатқызылды. Жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Барлық науқасқа толық көлемде қарқынды терапия жүргізіліп жатыр, олар профильді мамандардың үздіксіз бақылауында», – деп мәлімдеді басқарма.

Өңірге қосымша дәрігерлер мен мамандар жіберілді. Қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, психологиялық көмек те ұйымдастырылған.

Еске салайық, бүгін таңертең Алғабас ауылында екі қабатты жеке үй өртеніп, 12 адам – соның ішінде тоғыз бала – қаза тапты. Тағы үш адам ес-түссіз күйде құтқарылып, ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жедел үн қатып, Үкімет пен өңір басшылығына қажетті көмекті дереу көрсетуді тапсырды. Кейін балалар омбудсмені оқиғаның жекелеген тұстарын жария етті, ал полиция өртке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен оқиғаны тергейтін үкіметтік комиссия құрылып, оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарады.

Материал авторы