SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бүгін, 19 қарашада өткен Мәжілістің жалпы отырысында еңбек жағдайларын жақсартуға және жұмыскерлердің құқықтарын күшейтуге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр. Сонымен қатар депутаттар еңбек заңнамасын жетілдіретін жаңа түзетулерді жұмысқа қабылдады.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдеріне еңбек нарығындағы өткір мәселелерді қозғап сауал жолдады. Оның сөзінше, азаматтардың әлеуметтік жағдайын ауырлататын негізгі түйткілдердің бірі – жалақының кешіктірілуі.
Депутаттың сауалынан үзінді:
«Біз қоғамдағы қымбатшылықтың деңгейін көріп отырмыз. Жұмыссыздық та бар. Осылардың ішінде заңды түрде жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың уақытында жалақысын ала алмауы өте ауыр мәселе. Жұмыс берушілер төлемді кешіктіреді, салдарынан азаматтар несиесін жаба алмайды. Тіпті супермаркеттерде кредитке тамақ алуға мәжбүр болып отыр. Осыны шешу үшін өтемақы мөлшерін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 есесінен 5 есеге дейін көтеруді ұсындық. Бірақ Үкімет қолдамады. Оның себебі қандай?»
Депутат Сәрсенғалиев өндірістік жарақаттан қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қайғылы оқиғасын да атап өтті.
«Тоғыз қабатты үйдің қасбеті құлап, жарақат алған азаматтарға көмек көрсетуге жүгіріп барған сол кіп-кішкентай қызымыздың үстіне кондиционер құлады. Ол кеше ғана тұрмысқа шыққан еді. Осы заң жобасында мұндай оқиғалардың алдын алу үшін нақты қандай механизм бар?» — деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Маратұлы жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту бағытында төрт негізгі бағытта жұмыс жүріп жатқанын айтты:
«Егер өндірісте қайғылы жағдай болса, дереу арнайы комиссия құрылып, толыққанды тергеу жүргізіледі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін барлық шараны қабылдайды. Қазіргі талқыланып жатқан барлық мәселе жұмыс орындарындағы тәртіптің тым әлсірегенін көрсетіп отыр.
Екінші бағыт – жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау. Олар қауіпсіздік техникасын нақты білуі тиіс.
Үшіншісі – еңбеккерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру. Қазір бұл бағытта жұмыстар күшейтілді: 175 кәсіпорын қамтылып, 113 мыңнан астам кәсіпорын қызметкерлерін сақтандырды.
Төртінші бағыт – мемлекеттік инспекторлардың бақылау және мониторинг күшейтуі. Біз барлық осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді вице-министр.
RUS