Алматы облысында кісі өлімі болған жол апатында кінәлі жасөспірім 19 мың теңге айыппұл ғана төлеген
Жол апатынан қаза тапқан жүргізушінің туыстары әділдік іздеп жүр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында жасөспірім жүргізуші қатысқан жол апатында қаза болған ер адамның туыстары тоқтатылған қылмыстық істі қайта қарауды талап етіп отыр. Отбасы марқұмның өліміне кінәлі деп санайтын жасөспірім бар болғаны 19 мың теңге айыппұлмен құтылғанын ашық айтып, әділдік сұрайды. Бұл туралы Almaty.tv арнасы жеткізді.
Қайғылы оқиға мамыр айында қала маңындағы тасжолда болған. Куәгердің айтуынша, жоғары жылдамдықпен келе жатқан автокөлікті полиция қуып жүрген. Рөлде жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірім отырған. Сол сәтте ол қарсы бағыттағы көлікке соғылып, оқиға орнында бір адам қаза тапты. Оның қасында болған кішкентай баласы ауыр жараланып, бірнеше рет операциядан өткен.
Марқұмның жары тергеу қорытындысымен келіспейді. Айтуынша, жол апатына оның күйеуі кінәлі деп танылып, жасөспірім жүргізуші небәрі 19 мың теңге айыппұл төлеп құтылған.
«Маған 5 миллион теңге ұсынды. Бірақ күйеуімнің өмірін ешқандай ақша ақтамайды. Бес баланың көз жасын да ақтамайды. Сол себепті қаржылай өтемақыдан бас тарттым», — деді Жанат Розиева.
Отбасы жасөспірімді өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыруды және оның ата-анасын марқұмның балалары кәмелетке толғанға дейін өтемақы төлеуге міндеттеуді сұрайды.
Полиция департаменті істің тоқтатылғанын растады.
«Жауапты тұлғаның қаза болуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ал көліктің иесі – басқаруды жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайдильдин.
Марқұмның туыстары Бас прокуратураға шағым түсіріп, істі қайта қарауды күтеді.
Материал авторы