SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында терезеден екі баласын лақтырып, кейін өзі секірген әйелге қатысты іс жабық режимде қаралды. Сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.
Іс ҚР ҚК-нің бірнеше ауыр баптары бойынша жүргізілген: 99-баптың 3-бөлігі – «Кәмелетке толмағанды өлтіру» және 24-баптың 3-бөлігімен бірге 99-баптың 3-бөлігі – «Кәмелетке толмағанды өлтіруге оқталу». Бұл баптар өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Алайда әйел қылмыс кезінде есі дұрыс емес деп танылды.
Сот шешімін судья Жанна Нығыбаева жария етті:
«Айыпталушыны қоғамға қауіпті әрекеттерді жасау кезінде есі дұрыс болмағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босату. Оны қатаң бақылауы бар арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберу».
Айта кетейік, 30 шілде күні түскі уақытта әйел екі баласын бесінші қабаттан лақтырып, артынша өзі секірген.
Кіші баланың бір бүйрегі алынған, операция кезінде жүрегі тоқтап қалғанымен, дәрігерлер қайта іске қосқан. 1 тамызда бүлдіршіннің жүрегі қайта тоқтап, қайтыс болды.
Екі аптадан кейін үлкен бала ауруханадан шығарылды, оған бір жылдық толыққанды реабилитация қажет. Артынша тамыздың соңында балалардың анасы да ауруханадан шығарылып, Психикалық денсаулық орталығына жеткізілген.
Қазан айында қылмыстық іс тергеуі аяқталып, материалдар сотқа жолданған. Отбасыға қатысты тыңдаулардың барлығы жабық түрде өтті.
RUS