«Мұндай жағдай алғаш рет»: Атырауда полиция Янаның өліміне қатысты қылмысты қалай ашқанын айтты
Атыраудағы резонансты кісі өлімі туралы мән-жайды полицейлер айтып берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық істің ашылуы қоғам назарын аударды. Полицейлер қыздың жоғалуынан бастап күдіктілерді ұстауға дейінгі тергеудің қалай жүргізілгенін Polisia.kz жариялады.
Яна 2024 жылғы 18 қазаннан 19-ына қараған түні өлтірілген. Оның денесі сегіз ай өткен соң Жайық өзенінің жағасынан табылды.
Атырау облыстық криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайыновтың айтуынша, іс алғашында «адам жоғалу» фактісі ретінде тіркелген.
«Қыздың жоғалғаны туралы хабар 20 қазанда түсті. Сол сәттен бастап оның жүрген бағытын минуттап қалпына келтірдік. Камералар оның ақ түсті көлікке отырғанын көрсетті. Көліктегі екінші ер адам кейін есікті жауып, өзі де салонға кірген. Жүргізуші Талдыкөл бағытына бет алған», – деді тергеуші Темірхан Хажмұратов.
Бейнежазбалар талданғаннан кейін оқиға жай ғана жоғалумен шектелмейтіні анықталған. Жедел топ күдікті көліктің барлық маршрутын тексеріп, екі жігітті анықтады: бірі қылмысты өзі жасаған, екіншісі ізін жасырған.
Күдіктілер оқиғадан екі күн өткен соң ұсталды. Бірі Құрманғазы ауданында жасырынбақ болса, екіншісі көлікті жуу орталығына апарып, айғақтарды – марқұмның телефонын қоса – жоймақ болған.
Тергеу қорытындысына сүйенсек, Хайржанов Янаға көліктің ішінде қастандық жасаған, ал серігі Катимов қыздың қашып кетпеуі үшін есікті ұстап тұрған. Кейін олар денені қала сыртына шығарып, өзенге лақтырған.
«Күдіктілерді ұстадық, бірақ мәйіт әлі табылмаған еді. Соған қарамастан олардың берген көрсетілімдері арқылы қылмыс орнын анықтадық», – деді Құсайынов.
Белгілі болғандай, марқұм мен Хайржанов бір университетте оқыған және 2022 жылдан бері таныс болған. Жігіттің өзге қызға үйленгелі жатқаны және Янаға бұл жағдайды жасыруы кісі өліміне себеп болған.
Тергеу барысында күдіктілердің әлеуметтік желі парақшалары тексеріліп, хат алмасуларынан кісі өлтіру жоспарын талқылағаны анықталды. Сондай-ақ интернеттен «Қазақстанда адам өлтіру үшін қандай жаза бар?» және «камера жазбалары қанша уақыт сақталады?» деген сұраулар табылған.
Полиция барлық дәлелдемелерді жинап, істі толық ашты. Екі күдікті де өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Материал авторы