749

Рахат Әлиев Эпштейнге құпия хат жазып, 2 млрд доллар сұраған

Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Әлиевтің АҚШ-қа қашу жоспары болғаны әшкере болды.

Рахат Әлиев Эпштейнге құпия хат жазып, 2 млрд доллар сұраған
Rick Friedman / Corbis & ашық дереккөзден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, марқұм Рахат Әлиевтің есімі АҚШ-тағы атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейнге тиесілі хаттар топтамасынан қайта шықты. Kursiv.Media таратқан мәліметке қарағанда, құжаттарда Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы АҚШ-қа қоныс аудару үшін көмек және 2 млрд доллар сұрағанын жазған. Ол бұл соманы Қазақстанда тәркіленген бизнесінің құны деп көрсеткен.

Хаттардан белгілі болғандай, 2007-2008 жылдары ықпалын жоғалтқаннан кейін Әлиев Еуропаға қашып кеткен. Назарбаев билігі оны активтерін тартып алып, саяси себеппен қудалап отырғанын айту арқылы Батыстың назарын аударуға тырысқан.

Ол АҚШ-тағы RJI Government Strategies лоббистік компаниясын жалдап, 20-дан астам конгрессмен кеңсесіне ақпарат таратқан. Компания жариялаған материалдарда Әлиев саяси қуғын-сүргіннің құрбаны ретінде көрсетілген.

Алайда Барак Обама әкімшілігі бұл іске араласудан бас тартқан. АҚШ-тың Қазақстандағы сол уақыттағы елшісі Ричард Хоагланд құпия хаттарында Әлиев пен Астананың Вашингтонды өз мүддесіне тартуға тырысқанын ескерткен.

2014 жылы Австрия Рахат Әлиевке «Нұрбанктің» екі топ-менеджерін өлтірді деген айып таққан. Ол айыпты мойындамай, істі қолдан жасалған деп мәлімдегенімен, елге келіп тергеуге қатысуға келісім берген.

2014 жылы Австрия соты оны қамауға алуға санкция берді. Әлиев Венаға өзі келгеннен кейін ұсталды әрі шамамен сегіз ай қамауда отырды. 2015 жылдың 24 ақпанында ол тергеу изоляторында өлі күйінде табылды. Ресми нұсқа – суицид.

Сол жылы шілдеде Вена соты бұл қылмыстық іске қатысты тағы екі адамның – Вадим Кошляк пен Әлнұр Мұсаевтың – кінәсіз екенін жариялады. Кошляк банкирлерді ұрлауға қатысқаны үшін ғана жауапқа тартылып, алдын ала қамауда өткізген уақыты толық жаза мерзімін жапқандықтан, сот залынан босатылды.

Материал авторы