439

Талғарда өзінің 15 жасар қызын 16 жерінен пышақтап өлтірген әке қолға түсті

Ер адам мас күйде болғаны белгілі болды.

Талғарда өзінің 15 жасар қызын 16 жерінен пышақтап өлтірген әке қолға түсті
instagram.com/sagatova_assel

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Талғар ауданында тағы да жантүршігерлік оқиға болды. Тұздыбастау ауылында ер адам 15 жастағы қызын аяусыз өлтірді. Orda.kz тілшісі марқұмның жақындарымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.

Қайғылы жағдай 10 қараша күні шамамен сағат 18:00-де болған. Отбасының туысы Әсел Сағатованың айтуынша, мас күйдегі ер адам ас үйге су ішуге кірген. Сол сәтте ас дайындап тұрған қызы екеуінің арасында қысқа айтыс басталып, сөз дауы бірден ушығып кеткен. Су құятын құмыраға екеуі бір уақытта қол созғанда жанжал тұтанып, әкесі ашуға булығып, қолындағы ас пышағымен қызын 16 рет жарақаттап, бетінен де тіліп тастаған.

Оқиға кезінде үйде ешкім болмаған. Кәмелетке толмаған қыз алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Ер адам сергіп алған соң туыстарына өзі хабарласып, жасағанын мойындаған.

«Ол қайын атама телефон шалып, «Мен қызымды өлтірдім. Енді өзім де өлем» деп айтқан. Карантин басталғалы жұмыссыз жүрген. Ал әйелі жұмыс істейтін. Марқұм — үш баланың ортаншысы. Қайғылы оқиға болғанда анасы жұмыста, үлкен және кіші ағалары сабақта жүрген», — деді Сағатова.

Марқұмның туыстарының айтуынша, әкесі мен қызы арасындағы шиеленіс бұрыннан жалғасып келген. Қыз әкесінің ішімдікке салынғанын, үйдегі мазаны қашырғанын ұялып, бірнеше рет полиция шақырған. Әкесі оны осы үшін кешірмей, ренішін ішінде сақтап жүрген көрінеді.

Күдікті кейін полиция бөлімінде бір туысына:

«Ол мені алқаш деді. Сол сөзден кейін есімді білмей қалдым, не істегенімді түсінбедім», — деген.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Материал авторы