SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында ауылдық округтің бұрынғы әкімі мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Прокуратура дерегінше, экс-шенеунік қоғамдық жұмыстарға бөлінген небәрі 500 мың теңгеден астам қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Үржар аудандық прокуратурасы анықтағандай, ауыл әкімі бюджеттен бөлінген қаражатты жымқырып, шығынды жасыруға тырысқан. Анықталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне жолданған.
Сот үкімімен бұрынғы әкім Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Шығын мемлекетке толық өтелген. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, мұндай фактілер бұл өңірде алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін Павлодар облысында ауыл әкімі 1,5 млн теңге пара талап еткені үшін 10 млн теңге айыппұл арқалаған. Сол іс бойынша оның жақын туысы – бұрынғы полиция майоры да жауапқа тартылған. Ал Тараздың экс-әкім орынбасары бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 4 жылға сотталған еді.
RUS