269

Базарда жасөспірімге қайыр сұратқан қор басшысы айыппұл арқалады

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады.

Базарда жасөспірімге қайыр сұратқан қор басшысы айыппұл арқалады
freepik.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қайырымдылық қордың директоры 15 жастағы жасөспірімді заңсыз ақша жинауға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға қаланың бір базарында болған.

Полиция дерегінше, жасөспірім жол бойымен өткен адамдарға қайта-қайта жүгініп, қайырымдылыққа ақша сұрап тұрған. Оның әрекеті қоғамдық тәртіпке кедергі келтіріп, заңда белгіленген қайырымдылық жинау тәртібін өрескел бұзған.

Қор жетекшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 128-бабының 1-бөлігі бойынша («Кәмелетке толмағанды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту») әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот отырысында ұйым басшысы өз кінәсін толық мойындап, істің мән-жайын растады. Құқықбұзушылық жасөспірім мен қор директорының түсініктемелерімен, сондай-ақ жиналған дәлелдермен дәлелденді.

Аталған бап бойынша санкция 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырады. Сот тараптардың мәліметтерін, құқықбұзушылықтың сипатын және ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, қор директорына 196 мың теңгеден аса айыппұл салу туралы шешім шығарды. 

Материал авторы