SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында үш жасар бала магнит жұтып, шұғыл түрде ауруханаға түсті. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала қатты іш ауыруына шағымданып, медициналық мекемеге жеткізілген.
Ата-анасының айтуынша, бала ойын барысында бірнеше магнитті аузына салып, байқамай жұтып қойған. Дәрігерлер тексеруден кейін кішкентай науқасты бірден хирургиялық бөлімшеге жатқызды.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері шұғыл әрі күрделі эндоскопиялық операция жасап, баланың құрсақ қуысынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнитті алып шықты. Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп жоқ.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында Ақмола облысында дәрігерлер 39 магнит шарикті жұтып қойған төрт жасар баланың өмірін сақтап қалған болатын.
RUS