267

Атырауда әйелін оқтаумен ұрып өлтірген ер адам сотталды

Әйелін өлтірген күйеу 10 жылға қамалды.

Атырауда әйелін оқтаумен ұрып өлтірген ер адам сотталды
ORSK.RU

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласында әйелін аса қатыгездікпен өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Қылмыс 18 тамыз күні қаладағы Балықшы шағынауданында болған.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарап, марқұмның күйеуін кінәлі деп таныды.

Сотта анықталғандай, 41 жастағы ер адам сол күні алкоголь сатып алып, үйіне оралған. Мас күйінде ол әйелін қызғанып, оның ұялы телефонын тексерген. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Әйел басқа бөлмеге өтіп, ұйықтап қалған.

Біраз уақыттан соң ер адам ас үйден қамыр жаятын оқтауды алып, жатын бөлмеге кірген. Әйелі сол сәтте ұйықтап жатқан. Айыпталушы оны бірнеше рет басынан ұрып, ауыр жарақат салған. Әйел оқиға орнында, есін жимастан көз жұмды.

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Сот оны Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, жалпы режимдегі түзеу колониясында 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкініш білдірді. Ол марқұмның туыстарынан және екі кәмелетке толмаған қызынан кешірім сұрады.

Материал авторы