SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласының 33 жастағы тұрғыны жұмыс орнында жасалған ұрлық үшін сот үкімімен жазаланды. Ол қызметтік сенімді теріс пайдаланып, компания басшысының кабинетiнен ірі көлемде ақша алып кеткен.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, ер адам 2025 жылдың тамыз айында жекеменшік компаниялардың біріне менеджер-логист болып жұмысқа орналасқан. Кәсіпорын басшылығы оған сенім артқанымен, қызметкер бұл сенімді ақтамаған.
23 қараша күні менеджер директордың кабинетіне кіріп, үстелшенің ішіндегі конвертті алып кеткен. Конвертте 770 мың теңге болған.
Сот материалдарында көрсетілгендей, келесі күні директор қызметкерді шақырып, бейнебақылау камерасына жазылған видеоны көрсеткен. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Ол келтірілген шығынның 140 мың теңгесін өтеген және азаматтық талапты толық көлемде мойындаған.
Айта кетерлігі, аталған ер адам бұл ұрлыққа дейін бірнеше күн бұрын дәл осы сотта алаяқтық дерегі бойынша да жауапқа тартылған. Маусым айында ол танысының атына микрокаржы ұйымларынан жасырын түрде несие рәсімдеп, 850 мың теңгеден астам шығын келтірген.
Нәтижесінде сот директордың кабинетiнен ақша ұрлағаны үшін оған 1,5 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза 2 жыл бостандығын шектеу болып белгіленді.
RUS