Жылу құбырына асылып қалған: Полиция ер адамды құтқарып қалды
Оқиға арнайы есепте тұрған азаматтарды тексеру кезінде болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында полиция қызметкерлері дер кезінде әрекет етіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды аман алып қалды. Оқиға 6 қаңтар күні профилактикалық рейд барысында тіркелген.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары арнайы есепте тұрған азаматтарды күнделікті тексеру аясында бір үйге кірген. Тексеру кезінде олар ер адамды ауыр жағдайда тапқан: ол жатын бөлмеде жылу құбырына асылып, өзіне қол салуға әрекеттенген.
«Оқиға әкімшілік аумақты профилактикалық аралау кезінде анықталды. Полиция қызметкерлері үйге кірген сәтте азаматтың жағдайы өте ауыр болды. Уақыт секундпен есептелді. Жедел әрекеттің арқасында ер адам босатылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді», — деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.
Зардап шеккен азамат жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің мәліметінше, қазіргі уақытта оның өміріне қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.
Материал авторы