356

Жамбыл тұрғыны үйленгенін 30 жылдан кейін білді

Ер адам некеде екенін банк қосымшасынан білген.

Жамбыл тұрғыны үйленгенін 30 жылдан кейін білді
MemoryStockphoto

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының тұрғыны сот арқылы өзі білмеген некені жарамсыз деп тануға қол жеткізді. Ер адам 2025 жылы банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен 1991 жылы тіркелген некесі бар екенін кездейсоқ анықтаған.

Іс материалдарына сәйкес, 1991 жылы ер адам жауапкер әйелмен отбасын құру ниетімен бірге тұрған. Алайда олардың қарым-қатынасы шамамен төрт айға ғана созылған. Кейін тараптар екі жаққа кетіп, азаматтық хал актілерін тіркеу органына жүгінбеген, ешқандай құжатқа қол қоймаған және неке куәлігін алмаған. Өздерін заңды ерлі-зайыпты деп ешқашан есептемеген.

Сотта белгілі болғандай, құжаттарды қолдан жасау белгілері бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Себебі ықтимал заңбұзушылық 1991 жылға тиесілі. Тексеру барысында акт кітапшасында некенің тіркелгені туралы жазба бары анықталғанымен, ондағы қолтаңбалардың талапкер мен жауапкерге емес, үшінші тұлғаға тиесілі екені белгілі болды.

1991 жылғы азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған. Сот отырысында талапкердің жақын досы әрі көршісі неке тіркеу рәсіміне қатыспағанын және ешқандай жазбаға қол қоймағанын мәлімдеді. Іске үшінші тұлға ретінде тартылған АХАТ органының өкілі сотқа келмеген.

Сот неке 1991 жылы заң талаптарын өрескел бұза отырып тіркелген деген қорытындыға келді. Себебі тараптар тіркеу кезінде жеке қатыспаған, ал мұндай рәсім заңмен рұқсат етілмейді. Сонымен қатар 1994 жылы жауапкер басқа адаммен ресми некеге тұрған, ал талапкер 2001 жылы өзге азаматшамен үйленіп, балалы болған.

Сот тараптардың 1991 жылдан кейін отбасылық қатынаста болғанын дәлелдейтін ешбір дерек анықталмағанын атап өтті.

Істі қарау нәтижесінде 1991 жылғы акт жазбасында көрсетілген неке жарамсыз деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Материал авторы