266

Түркістан облысында жұмыс берушінің қателігі ана мен баланы жәрдемақысыз қалдырды

Жұмыс берушінің қателігі үшін әйел сотқа жүгінген.

Түркістан облысында жұмыс берушінің қателігі ана мен баланы жәрдемақысыз қалдырды
pixelshot

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында мемлекеттік орган жұмыс беруші жіберген қателіктерді сылтау етіп, ананы бала күтіміне арналған әлеуметтік төлемнен бірнеше рет қағып келген. Әйел өз құқығын тек сот арқылы ғана қорғай алды.

Істі қараған Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік соты жұмыс берушінің құжаттағы олқылықтары ана мен баланың заңмен кепілдендірілген әлеуметтік қолдау алу құқығын шектемеуі тиіс деген қорытындыға келді.

Сот талқылауына әлеуметтік төлем тағайындаудан бірнеше мәрте бас тарту себеп болған. Мемлекеттік орган төлемнен бас тартуын жұмыс беруші жіберген құжаттық дәлсіздіктермен түсіндірген. Алайда мұндай формалды көзқарас отбасының заңда көзделген әлеуметтік кепілдіктерден айырылуына әкелген.

«Іс жан-жақты зерттелді. Сот әйелдің еңбек қызметін атқарғанын, ол үшін әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылғанын, баланың дүниеге келуі заң талаптарына сай тіркелгенін анықтады», — деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот жұмыс беруші тарапынан кеткен қателіктердің салдары отбасына жүктелмеуі керегін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органның бас тарту шешімі заңсыз деп танылды.

Сот шешіміне сәйкес, әйелге баласы бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне арналған әлеуметтік төлем тағайындалуы тиіс. Үкім заңды күшіне енді. 

Материал авторы