Алматыда мұз айдынында әйел 13 жастағы қызды ұрып-соққан
Бір қызығы қыз өз ата-анасына бұл жағдай туралы айтпауды өтінген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда мұз айдынында бейтаныс әйелдің 13 жастағы қызды соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Оқиға жайлы Threads әлеуметтік желісінде алматылық блогер жазып, бейнежазба да жариялаған. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Блогердің айтуынша, жағдай Almaty Arena маңындағы мұз айдынында болған. Кезекте тұрған сәтте жанжал шығып, куәгерлер оқиғаны видеоға түсіріп үлгерген. Артынша 102 нөміріне қоңырау шалынған, күдікті әйелді полиция алып кеткен.
«Ең сорақысы – соққы көрген қыз ата-анасына айтпауымды өтінді. Себебі олар ұрсады, жазалайды деп қорқады екен. Бұл қалай? Менің көз алдымда әлгі әйел кезексіз алға өтіп, қыздың үстіне кофесін төгіп алды. Сосын бетінен ұрып, жерге жығып, тепкілей бастады. Күйеуі әрең дегенде ажыратты. Ол әйелді Құдайға тапсырдық делік, бірақ бала өз құқығы барын, өзін қорғауға болатынын білмей ме?» – деп жазды блогер.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті ресми пікір білдірді.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті мән-жайды анықтау үшін аумақтық полиция басқармасына жеткізілген.
«Оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды», – деп хабарлады полиция.
Материал авторы