Жаһандық ауқымда креативті экономика, БҰҰ бағалауы бойынша, әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3,1%-ын қалыптастырады және жұмыс күшінің 6%-дан астамын жұмыспен қамтамасыз етеді. 2030 жылға қарай оның үлесі әлемдік ЖІӨ-нің 10%-на жетуі мүмкін деп күтілуде. Сонымен қатар, Қазақстанда саланың елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі әлі де салыстырмалы түрде төмен – 1%, бұл дамыған елдердің деңгейінен төмен: Италияда креативті индустриялар ЖІӨ-нің 2%, Бразилияда – 2,2%, Канадада – 4,2%, АҚШ-та – 5,3%-ын құрайды.
Саланың ағымдағы жай-күйі, оның инвестициялық әлеуеті және жүйелі шектеулері туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің өнімдерді дамыту департаментіндегі жобалардың жетекшісі Едіге Әділханов, сондай-ақ креативті индустрия компанияларының негізін қалаушылар айтып берді.

Суретте: Едіге Әділханов
Креативті индустрия цифрлармен
Қазақстандағы креативті индустрия ресми түрде экономикалық қызмет ретінде бекітілген және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына берілген. Сала сәулет, сән және кинодан IT, анимация және геймдевке дейін экономикалық қызметтің 43 түрін қамтиды.
АХҚО және Dasco Group-тың 2024 жылғы зерттеу деректері бойынша елде 140 мыңнанастам жұмыс орнын қамтамасыз ететін 40 мыңнан астам креативті компания жұмыс істейді. 2029 жылға қарай мемлекет сектордағы жұмыспен қамтуды 180 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Креативті экономиканың жалпы қосылған құны 2023 жылы 1,2 трлн теңгені және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 498,7 млрд теңгеніқұрады. Саланың негізгі орталықтары ретінде Астана мен Алматы қалалары саналады, оларға заңды тұлғалардың 67% тиесілі.
АХҚО әкімшілігі өнімдерді дамыту департаментінің жоба жетекшісі Едіге Әділханов: «Кино, музыка, анимация және геймдевтегі қазақстандық контент Орталық Азия, Түркия, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарында сұранысқа ие. Анимация мен геймдевтегі жеке жобалар Steam, PlayStation, App Store және Google Play сияқты халықаралық платформаларда орналастырылған, сондықтан саланың ЖІӨ-ге қосатын үлесін арттыруға зор әлеует бар».
Мемлекеттік қолдау: инфрақұрылым, кадрлар, қорландыру
2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында креативті индустрия экономиканы әртараптандырудың басым бағыты ретінде қарастырылады.
Негізгі қолдау шараларының қатарында:
• аймақтарда креативті хабтар құру (2025 жылдың желтоқсан айының соңында 20 хаб ашылды);
• инфрақұрылымды дамыту (production-студиялар, coworking-кеңістіктер);
• кадрларды даярлау, креативті мамандықтар бойынша оқуға арналған гранттар;
• инвестициялар тарту және жобаларды қаржыландыру үшін Креативті индустрияларды дамыту қорын іске қосу.
Қорды құру саланың маңызды институционалдық құралы болмақ: оның міндеттеріне таланттарды іздеу және дамыту, ерте кезеңдерде жобаларды акселерациялау, инфрақұрылымды, хабтарды дамыту және экспортқа жәрдемдесу кіреді. Басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында венчурлық бөлімше құру жоспарлануда. Бұл компаниялар «мерзімділік пен қайтарым негізінде ақша қаражатының тиімді мөлшерін қамтамасыз етеді».
Нормативтік база 2025 жылы күшейтілді. Мемлекет басшысы түзетулердің екінші блогында креативті индустрияларды дамыту негіздері бекітілген заңға қол қойды. 2026 жылғы қаңтарда Креативті индустрияларға мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру қағидалары қабылданды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы дәстүрлі түрде қаржылық юрисдикция ретінде саналғанымен, оның креативті индустрияны дамытудағы рөлі дәйекті түрде күшейіп келеді. Зияткерлік меншікті қорғау негізгі элементке айналуда.
«Креативті индустрияның базалық активі – зияткерлік меншік. Креаторлар үшін өнімдерді жасап қана қоймай, өз құқықтарын, оның ішінде халықаралық нарықтарда қорғауды қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Едіге Әділханов.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АХҚО-да зияткерлік активтерге құқықтарды қорғау, басқару және іске асыру үшін тұрақты құқықтық негіз қалыптастырған Зияткерлік меншік туралы акт күшіне енді. Орталықтың экожүйесінде АХҚО-ның тәуелсіз соты, Халықаралық төрелік орталығы, сондай-ақ авторлық құқықтардың сақталуын қамтамасыз ететін зияткерлік меншік жөніндегі комиссар жұмыс істейді.
АХҚО креаторлар мен инвесторларға мынадай қаржы және инвестициялық құралдар жиынтығын ұсынады:
- Венчурлық студия ашу;
- Венчурлық қор құру;
- Зияткерлік меншікті қорғау жүйесі;
- Креативті жобаларға арналған краудфандинг;
- Активтерді токенизациялау.
Бүгінгі таңда АХҚО-да бес венчурлық студия және үш венчурлық қор тіркелген.
Кино венчурлық бизнес ретінде
АХҚО құралдарын пайдаланудың алғашқы кейстерінің бірі Dasco Capital Ltdкомпаниясының басқаруындағы Tolqyn Film Fund – АХҚО юрисдикциясында тіркелген Қазақстандағы алғашқы жеке кино қоры болды.
«Қор киноға инвестициялау тәуекелдерін әртараптандыру үшін құрылған. Біз бірден бірнеше киножобаға инвестиция салып, портфельдік модель бойынша жұмыс істейміз. Қордың АХҚО-да тіркелуі инвесторлардың сенімін арттырып, реттеушілік қорғауды қамтамасыз етті», – деп түсіндірді қордың CEO, кинопродюсер, режиссер, сценарист Эрнар Құрмашев.

Суретте: Эрнар Құрмашев
Режиссердің айтуынша, мұндай модель Голливудта кеңінен қолданылады және тәуекелдерді табысты жобалар мен франшизалардың дамуы арқылы еңсеруге мүмкіндік береді. Қордың арқасында «Дәстүр 2», «7 қарақшы», «Байқа! Алаяқ!» («Балаларға айтпа!») және «Шымыр» сияқты төрт қазақстандық фильмге инвестициялар тартылды.
Спикер инвесторлар тарапынан қызығушылыққа қарамастан, Қазақстанның киноиндустриясы әлі де бірқатар проблемаға бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Ең алдымен, бұл инвесторларға нақты уақыт режимінде фильмдерге сатылған билеттердің саны мен аналитиканы көруге мүмкіндік беретін халықаралық стандарт – электронды билеттің ашық жүйесін енгізу қажеттілігі туралы мәселе.
Тағы бір маңызды проблема ретінде режиссер қарақшылық контенттің таралуын атайды, заңды тұтыну мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан ұзақ мерзімді жұмысты қажет етеді. Бұл тұрғыда авторлық құқық саласындағы заңнамалық өзгерістер ерекше маңызға ие.
Геймдев және IT – креативті экономиканың ең үлкен сегменті
АХҚО және Dasco Group әзірлеген есептің деректері бойынша Қазақстанның барлық креативті нарығының 38% IT және бейне ойындар әзірлеу саласына тиесілі.
Танымал Grand Mobile мобильді ойынын әзірлеушісі және Grand Games CEO Роман Линейцевтің айтуынша, геймдевтің тұрақты дамуы мен Қазақстандағы креативті технологиялық жобалар үшін бірнеше экожүйелік құралдардың үйлесуі шешуші факторға ие. АХҚО-да тіркелумен қоса Astana Hub резиденті мәртебесі, әсіресе халықаралық нарықтарға бағдарланған компания үшін бәсекелестік артықшылық үстейді.
«АХҚО шетелде танылған икемді құқықтық және реттеуші ортаны қамтамасыз етеді, ал Astana Hub IT-инфрақұрылым тұрғысынан қажеттіліктерді өтейді». Бұл ретте спикер Қазақстандағы венчурлық мәдениет әлі қалыптасу сатысында екенін атап өтті: қаржыландыру стартапты дамытудың бастапқы кезеңдерінде қолжетімді, алайда ірі мәмілелер мен жетілген ойын студиялары үшін геймдевті болжамды кіріс моделі бар түсінікті әрі құрылымдалған бизнес ретінде қабылдайтын инвесторлар әлі де жетіспейді.
«Креативті индустрияның өсуі үшін тек таланттар мен мықты өнімдер жеткіліксіз – инвесторлар инвестициялауға дайын түсінікті әрі ашық бизнес-модельдер қажет. Бұл ретте сөз біржақты процесс туралы ғана емес: мемлекет тарапынан құқықтық қолдау және дамыған институционалдық инфрақұрылым маңызды рөл атқарады. Бұл элементтер Қазақстанда біртіндеп дамып келеді. Жетілген ойын компаниялары көбейген сайын венчурлық нарық сапалы жаңа, ауқымды деңгейге жете алады», – деп атап өтті Роман Линейцев.

Суретте: Роман Линейцев
Сарапшылар Қазақстандағы креативті индустрияның одан әрі өсуі зияткерлік меншік пен авторлық құқық жүйесін жетілдіруге, мемлекет тарапынан венчурлық мәдениетті қолдауға және өңірге инвесторларды тарту жөніндегі күш-жігерге байланысты болады деген пікірге бір ауыздан келіседі.
RUS