SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында 356 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық схема әшкереленді. Тергеу мәліметінше, іске мемлекеттік кірістер органының қызметкері де қатысқан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша департаменті «Өскемен Инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактура жазумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2023 жылдың маусымы мен қыркүйегі аралығында күдіктілер ауыр техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді жеткізу туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған. Алайда іс жүзінде бұл мәмілелер орындалмаған.
ҚМА мәліметінше, жалған құжаттар арқылы контрагент компаниялар корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлеуден заңсыз жалтарған.
Тергеу барысында қылмыстық схемаға мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де тартылғаны анықталған. Ведомствоның мәліметінше, ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажет жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.
Қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржы көлемі 356 миллион теңгеге жеткен. Ал мемлекетке келтірілген шығын көлемі 91 миллион теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктілердің үш пәтері мен бір көлігіне тыйым салынды.
Қазір қылмыстық іс сотқа жолданған.
RUS