SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте әлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан кейін жасөспірімнің кәмелетке толмаған қызға қатысты заңсыз әрекет жасауға оқталғаны жөнінде қылмыстық іс қозғалды. Видеода жасөспірімнің көшеде кішкентай қызды көтеріп алып, алып қашуға тырысқан сәті бейнеленген. Оқиға қалалық бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Желіде тараған ақпаратқа байланысты Шымкент қалалық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
Полицияның мәліметінше, оқиға 1 ақпанда болған. Жасөспірім көшеде кәмелетке толмаған қызды ұстап, оған қарсы құқыққа қайшы әрекет жасауға әрекеттенген.
«1 ақпанда полицияға жасөспірімнің кәмелетке толмаған қызды ұстап, оған қарсы заңсыз әрекет жасауға оқталғаны туралы арыз түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасөспірімнің ата-анасы полиция бөлімшесіне шақырылды», – деп хабарлады ведомство.
Аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған балаға қатысты заңсыз әрекет жасауға әрекеттену фактісімен қылмыстық іс тіркелді.
Полиция өкілдері психолог маман қызбен жұмыс жүргізетінін атап өтті. Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Оқиғаға байланысты барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
RUS