313

«Құр кофе ішіп отырады»: депутат QazaqGaz-та 10 мың адамды жұмыстан қысқартуды ұсынды

Мәжілісте QazaqGaz жұмысы сынға қалды.

«Құр кофе ішіп отырады»: депутат QazaqGaz-та 10 мың адамды жұмыстан қысқартуды ұсынды
@mazhilis_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров QazaqGaz ұлттық компаниясының қызметіне қатаң сын айтып, компаниядағы штат санын қысқартуды ұсынды. Оның пікірінше, қысқартудан үнемделетін қаржы өңірлерді газдандыруға тікелей бағытталуы тиіс.

Депутат бұл мәселені «Газбен жабдықтау және газды ұқыпты тұтыну мәселелері туралы» заң жобасын талқылау барысында көтерді. Ол Мемлекет басшысының бұған дейін QazaqGaz жұмысына қатысты сын айтқанын еске салды.

Ерлан Саировтың айтуынша, компания жылына шамамен 350 миллион текше метр газ өндірсе де, онда 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мұндай штат саны компания жұмысының тиімділігіне күмән тудырады дейді депутат.

Ол бірқатар өңірлерде халықтың әлі күнге дейін көмір мен тезек жағып отырғанын сынға алды.

«XXI ғасырда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары үйлерін әлі күнге дейін көмір мен тезек жағып жылытып отыр. Бұл – ұят жағдай», – деді депутат.

Сондай-ақ Саиров Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың жауабына қанағаттанбайтынын мәлімдеді. Вице-министр министрлік Геология комитетімен бірлесіп, ресурстық базаны кеңейтуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге және жаңа зауыттар салуға басымдық беріліп жатқанын айтқан.

Алайда депутаттың пікірінше, ауылдық аумақтарды газдандыру мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр.

«Құр кофе ішіп, ештеңе істемей отырғандарды жұмыстан шығарып, олардың жалақысын ауылдарға газ тартуға жұмсау керек. Бұл – халықтың ақшасы. Әрбір қадам азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс», – деді Ерлан Саиров.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» қорының, сондай-ақ ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарау қажет екенін мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы ұлттық компаниялар құрылымында артық қызметкерлер көп екенін және олардың жұмысы мардымсыз екенін атап өткен.

Материал авторы