Абай облысында әйел қонақтың қалтасынан ақша ұрлаған
52 жастағы тұрғын қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында 52 жастағы әйел қонақтың қалтасынан ақша ұрлады деген күдікке ілінді.
Жаңасемей ауданында қарапайым қонақ кеші күтпеген оқиғамен аяқталды. Қонақтардың бірі қалтасынан ақша мен құжаттарын жоғалтты.
20 жастағы жергілікті тұрғын полицияға хабарласты. Оның айтуынша, қонақтар кеткеннен кейін ол оң жағындағы күртеше қалтасынан портмоне жоғалғанын байқайды. Ішінде ақша мен жеке құжаттар болған. Материалық шығын – 31 мың теңге.
Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдікке ілінген 52 жастағы әйелді анықтап, бөлімшеге жеткізді.
“Әйел өз кінәсін мойындады. Ұрланған мүлік тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктінің ісі бойынша процессуалдық шара ретінде келіп тұру міндеттемесі қолданылды.
Полиция азаматтарды өз мүлкін қорғауға және құқық бұзушылықтар болған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырады.
Материал авторы