318

Пәтерінен алтыны жоғалған әйел күдіктінің өз үйінде жүргеніне сене алмады

Алтын бұйымдар ломбардтан табылды.

Пәтерінен алтыны жоғалған әйел күдіктінің өз үйінде жүргеніне сене алмады
goldmarket.fr

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды қаласында 47 жастағы тұрғын полицияға пәтерінен алтын бұйымдар ұрланғанын айтып арызданды.

Тексеру барысында әйелдің үйінен жалпы құны 600 мың теңгеге бағаланатын зергерлік бұйымдар жоғалғаны анықталған.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері ұрлыққа күдікті тұлғаны анықтады. Күдікке жәбірленушінің 19 жастағы жиені ілінді. Бұл жайт тек полицияны ғана емес, жәбірленуші әйелдің өзін де таңғалдырған.

Күдікті қыз жауапкершіліктен құтылу мүмкін емес екенін түсініп, жасаған әрекетін мойындады.

Тергеу барысында оның ұрланған алтын бұйымдарды қаладағы ломбардтардың біріне өткізіп үлгергені белгілі болды. Кепіл билеттерінің негізінде полиция барлық зергерлік бұйымды тауып, тәркіледі.

Қазіргі уақытта тәркіленген алтын бұйымдар қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелді. Өзгенің мүлкін ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор