786

Алтын мүйіз, күміс тұяқ: сиыр еті неге «ақсүйектер» тағамына айналып барады?

Баға өсті — демек, бұл біреуге пайда, біреуге салмақ. Біреу табысқа кенелді, біреу тамақтан қағылды.

Алтын мүйіз, күміс тұяқ: сиыр еті неге «ақсүйектер» тағамына айналып барады?
ЖИ иллюстрациясы

Киік еті — кедейдің жұбанышы ма?

Бүгінде сала бюджеті арнасынан тасыған өзендей кең ағады, бірақ мол табыс қай арнаға, кімдердің қалтасына құйылып жатқанын белгісіз. Өйткені мал шаруашылығымен айналысатын бизнес субъектілері қайтадан бюджетке қол жайып, былтырдан бері тоқтатылған субсидияларды қайтаруды сұрап, Үкімет табалдырығын тоздыруда.

Осы тұста қызық парадокс орын алды: сиыр етіне қолы жетпеген Қазақстан киелі киікке ауыз салды. Қызыл кітапта болған ақбөкенді қыру әрине, биліктің рұқсатымен және экология министрлігінің қадағалауымен жүргізіліп жатыр.

Түз тағысының еті Астанаға да жетті. Сыртында киік етінің сатылып жатқаны туралы баннер ілінген елордалық дүкендер көбейді. Соның бірінде еттің жаңа түріне бірнеше мұздатқыш витрина бөлінген екен, біразы босап қалыпты.

«Өзім жеп көрген емеспін. Далада еркін шауып өскен еті сірі жануар ғой. Жегендер «еті қатты екен» деп жатыр. Тағы бір кісі жабайы аңның етінде түрлі паразит болатынын, өйткені оған ешкім вакцина екпейтінін айтып, дәріс оқып кетті. Бірақ мемлекеттің өзі тексеріп, сатуға рұқсат етті ғой. Әрі халық бағасына қызығып, мұздатқыштарды босатып жатыр. Киік етінің келісі 1 800 теңге. Сиыр еті елге қолжетімсіз болып қалғандықтан, жұрт киік етіне үймелеп жатыр», дейді Гүлжайна есімді сатушы.

Бұл — БҰҰ мойындаған ұлттық брендін ас мәзірімен «әдемі үйлестірген» елдің бүгінгі мүшкіл күйінің көрінісі болса керек.

Осы кезде Қазақстанда қарапайым сиыр етінің бағасы психологиялық межеге — 10 мың теңгеге жақындап келеді («мәрмәр еттің» келісі баяғыда бұл белестен асып түсті). Сарапшылар мұның нарықтық стихия еместігін, әлдебір топтардың жылдар бойы еппен өрген лоббистік комбинациялары және бюджеттік жомарттықтың заңды жемісі екенін айтып жүр.

Себебі, сиыр еті әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) санатына жатады, тиісінше, оның шектен тыс қымбаттауына мемлекет жол бермеуге, шетке шығып, тәртіп бұзғанды құзырлы органдар қағып түсіп, қалыпқа келтіруге тиіс еді.

Бір кездері «ақшаңнан айырылғың келсе, ауыл шаруашылығына сал» дейтін пессимистік тәмсіл болатын, бүгінде ол өзектілігін жойды. Қазір етті мал шаруашылығы — аграрлық сектордың ең элитарлы, ең табысты және ең жылдам дамушы сегментіне айналды. Мемлекетмақұлдаған жаңа Кешенді жоспар бұл үдерісті тіпті үдетпек. Бірақ бұл жоспар кімнің мүддесін майлайды, кімнің дастарқанын жұтатады? Мәселе сонда.

Реформалар ретроспективасы: бағдарлама жаңа, қателік ескі

Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған Етті мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады. Осылай бұл саланың бесжылдығы басталды.

Егер тарихқа үңілсек, елбасы тұсында, 2011 жылы «Ет экспорттының әлеуетін арттыру» атты жобасы жүзеге асырылғаны мәлім. Ол кездебилігі барлар шетелдік, соның ішінде Ресейдің сиырын «мүйізді алтынға» балап, бюджеттік субсидияға қымбатқа алды, қаптатыптасыды.

Есесіне отандық асыл тұқымды сиырлардың селекциясы тасада қалды. Салдарынан тұрақты өндірістік тізбек орнына, бюджеттің есебінен шетелдік фермерлерді байытқан «импорттық тәуелділіктің» негізі қаланды.

Бүгінгі жаңа жоспар да сол сүрлеуге түсіпті: кешенді жоспарға сәйкес, ірі қара малдың басын қазіргі 7,5 миллионнан 2030 жылы 12 миллионға дейін жеткізу межеленген. Бірақ ол үшін шетелден тағы да мал тасымалдау көзделіп отыр.

Ауылдың «тар жол, тайғақ кешуі»

«Turan» мал өсірушілер қауымдастығының жетекшісі Жәнібек Кенжебаев төрт түлікке арналған жаңа бағдарламаның тағы бір қателігін атап көрсетті. Оның айтуынша, жаңа кешенді жоспарда басты назар шағын және орта фермаларға аударылған.

«Біздің қауымдастық бұл құжатты әзірлеуге қатысты, оның логикасын жақсы түсінеміз. Дегенмен, түзетуді қажет ететін тұстары бар. Мәселен, қауымдастық 100 бас ірі қарадан бастап өсіретін ұсақтау фермаларды құру жобаларына жеңілдетілген несие беруді ұсынды. Алайда қазіргі нұсқада ең төменгі шек 300 бас болып белгіленді. Мемлекет одан азын қолдағысы келмейді. Қауымдастық бұл межені төмендетуге күш салмақ. Әлемдік тәжірибе де, қазақстандық тәжірибе де көрсетіп отырғандай, 100 бастан тұратын ферма да тұрақты әрі рентабельді бола алады», - деді Ж.Кенжебаев.

Сарапшы әлемдегі ірі сиыр етін өндіруші үш елді мысалға келтірді: Бразилия, АҚШ және Аустралия. Бұл елдердің әрқайсында ірі қараның шамамен 70%-ы 100-ден 300 басқа дейін бағып-қағатын шағын фермаларда ұсталады.

Ал, Қазақстанда көрініс бөлек. Қазіргі таңда ірі қара малдың шамамен 45%-ы ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарында. Әрбір осындай шаруашылықта орта есеппен 5–10 сиыр бар. Сарапшының бағалауынша, бұл — экономикалық мағынадағы бизнес емес, күнкөріс формасы ғана.

Мұндай көлем тиімді өндіріс үшін жеткіліксіз. Сарапшының байламынша, ауылдағы малдың олқылығы жетерлік: көбіне туыстас шағылысуға (инбридингке) ұшырайды, асыл тұқымдысы да бірте-бірте азғындалады, ауылдың маңайында, тапталған тақырда жайылады,сапалы жемазықпен толыққанды азықтандырылмайды.

Салдарынан, ауыл адамының малы ет комбинаттары мен бордақылау алаңдары талап ететін тауарлық салмақ пен сапаға жете алмайды. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімі негізінен ішкі нарықтан, базарлардан аса алмайды.

Триллион тасқыны: кімнің тойы, кімнің мұңы?

Ауыл тұрғындары «ферма — бордақылау алаңы — ет комбинаты» деген өндірістік тізбекке толыққанды кіріге алмай отыр. Ал бұл тізбектің түпкі мақсаты — сиыр етін сыртқа экспорттау.

Сонда мал ұстайтын ауылдықтарды назардан тыс қалдырса, тіпті ұсақ фермаларға да мән бермесе, мемлекет кімді қолдамақ? Әлде мемлекетік бағдарлама тек «ірілердің» тойы ма?

Етті мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына 2026 жылдан бастап жыл сайын бюджеттен 350 млрд теңге, барлығы 1,75 триллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл — орасан зор қаражат.

Ол шетелден сиыр айдап әкелуді автокөлік айдап әкелуден де табысты бизнеске айналдыруға қызмет етсе, саланың аяқалысы алысқа ұзамауы мүмкін.

Егер ақша тасқыны тағы да импорттық мал тасымалдаушылардың комиссиясына, тиімсіз ірі жобаларға және асу бермес «арманды» асқарларды босқа шабуылдауға жұмсалса, ет бағасы 10 мың теңгедеде тоқтамасы даусыз.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға сырттан мал тасу емес, өз ішіміздегі «селекциялық ғылым ферма — бордақылау алаңы — ет комбинаты» тізбегін құру, оған шағын шаруаны тарту маңызды. Әйтпесе, Қазақстан бір келі ет сыйлау ең үлкен құрмет саналатын Кореяны қуып жетіп, сөредегі сиыр етіне тек телміріп қана қарай алатын елге айналатын болады.

Сала алдында амбиция да, бюджет те бар. Тек жүйелі есеп, сын-ескертпелерді еститін құлақ, білікті кеңесші және салқынқанды экономикалық логика жетіспейтіндей.

Материал авторы