191

Тоқаев сыйлаған сағатты қарағандылық әйел 2,9 миллион теңгеге сатылымға шығарды

Әйел сағатты 2023 жылы Президентке тазының күшігін сыйлағаннан кейін алғанын айтады.

Тоқаев сыйлаған сағатты қарағандылық әйел 2,9 миллион теңгеге сатылымға шығарды
Kaspi

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қарағандылық тұрғын Анна Захарова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған әйелдер сағатын сатылымға шығарды. Ерекше сыйлық үшін ол 2 899 000 теңге сұрап отыр. 

Сатылым туралы хабарландыру Kaspi платформасында жарияланған. Иесінің айтуынша, сағат оған 2023 жылы Президентпен кездесуден кейін табысталған.

Сол кездесуде Захарова Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір жарым айлық тазының күшігін сыйлаған. Бұған жауап ретінде мемлекет басшысы оған қолтаңбасы бар сағат сыйлаған.

Захарова бұйымды естелік әрі мәртебелі сыйлық деп санайтынын айтқанымен, өзі оны тақпайтынын жеткізді. Сатып алушыға сағатпен бірге оны растайтын құжаттар да беріледі. Бұйым Қарағандыда тұр, қажет болған жағдайда шетелге пошта арқылы жіберуге дайын.

Бағасы неге 2,9 миллион теңге?

Сатушының пікірінше, сағат коллекционерлердің қызығушылығын тудыруы мүмкін. Оның пайымдауынша, мемлекет қайраткерлеріне немесе маңызды оқиғаларға қатысты заттардың уақыт өте келе коллекциялық құны артады.

Захарова тіпті он жылдан кейін бұл сағаттың бағасы 30 миллион теңгеге дейін өсуі мүмкін деп есептейді. Дегенмен бұл — сатушының жеке болжамы, оның нарықтық сарапшылардың тәуелсіз бағалауымен расталмағаны ескеріледі.

Бұған дейін арзанға сатылмақ болған

Хабарландыруға пікір қалдырған қолданушылардың бірі сағаттың бұған дейін де сатылымға қойылғанын жазған. Оның сөзінше, ол кезде бұйым 1,5 миллион теңгеге бағаланғанымен, сатып алушы табылмаған.

Захарова бұл пікірге дау айтпай, сағатты сол қолданушыға бұрынғы бағамен — 1,5 миллион теңгеге сатуға дайын екенін жеткізген. 

Материал авторы