Енді Ресейдегі Ozon қоймасы дрон шабуылынан өртеніп кетті
Шабуыл кезінде 500-ден астам қызметкер эвакуацияланған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Самара облысындағы Ozon маркетплейсінің логистикалық орталығында дрон шабуылынан кейін өрт шықты. Компания нысандағы 500-ден астам қызметкердің бірнеше минут ішінде эвакуацияланғанын хабарлады. Оқиғадан зардап шеккендер бар.
Ozon-ның ресми мәліметінше, шабуылдан кейін қойма аумағында өрт тұтанған. Нысандағы қауіпсіздік жүйелері штаттық режимде іске қосылып, қызметкерлер қауіпсіз жерге шығарылған.
«Зардап шеккендер бар. Біз оларға қажетті көмектің барлығын көрсетеміз», – деп мәлімдеді компания.
Қазір оқиға орнында апаттық-құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Жедел жәрдем көліктері де кезекшілік атқаруда.
Өрттен кейін логистикалық орталықтың жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылды. Компания нысанға келтірілген шығын көлемін бағалап жатыр.
Оқиғаға қатысты ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский де растады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Самара облысындағы логистикалық орталыққа соққы жасалғанын хабарлады.
Зеленскийдің мәлімдеуінше, соңғы тәулікте украин күштері Самара облысындағы Новокуйбышев мұнай өңдеу зауытына және басқа да нысандарға соққы жасаған.
Бұл оқиға Ресейдегі ірі маркетплейстердің логистикалық нысандарына жасалған шабуылдар қатарын толықтырып отыр. Бұған дейін шілде айында Wildberries компаниясының Тамбов облысы мен Мәскеу маңындағы екі ірі логистикалық орталығына дрондар шабуыл жасаған болатын.
Қазіргі уақытта Ozon қоймасындағы жағдайдың салдары бағаланып жатыр. Нысанның қашан қайта жұмыс істейтіні әзірге белгісіз.
Материал авторы