Ыстамбұлдан Атырауға оралған 6 әйел бетін тұмшалағаны үшін жазаланды
Бетін толық жапқан әйелдер әуежайда ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау әуежайында бетін толық жауып тұратын киім киген алты әйел құқықтық жауапкершілікке тартылды. Олардың барлығы Атырау қаласының тұрғындары болып шыққан.
Полиция қызметкерлері әйелдерді әуежайда байқаған. Олардың киімі бет-жүзін толық жауып, жеке басын анықтауға мүмкіндік бермеген.
Тексеру барысында алты әйелдің Атырау қаласының тұрғындары екені анықталды. Олар бұған дейін Атырау–Ыстамбұл бағыты бойынша халықаралық рейспен шетелге ұшып кеткен.
Елге оралғаннан кейін әйелдер қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Көліктегі полиция департаменті әуежайлар мен басқа да көлік инфрақұрылымы нысандарында бұл талаптарды сақтау ерекше маңызды екенін атап өтті. Мұндай орындарда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адамның жеке басын жедел анықтау қажет.
Никабқа қатысты қандай талап бар?
2025 жылдың желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адамның бет-жүзін толық жабатын киімдерге қатысты шектеулерді көздейтін заңға қол қойған.
Қолданыстағы талап бойынша алғашқы құқықбұзушылық кезінде ескерту жасалады. Егер талап қайта бұзылса, 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл сома 43 250 теңгені құрайды.
Сонымен бірге заңда бірқатар ерекшелік бар. Діни киімдерге қатысты шектеулер медициналық маскаларға, суық мезгілде тағылатын шарфтарға және жұмыс кезінде қолданылатын қорғаныш құралдарына қолданылмайды.
Материал авторы