162

Екі рет әйеліне қол көтерген ер адам жауапкершіліктен тағы құтылмақ болған

Бас прокуратура екі рет тоқтатылған істі қайта қаратуға қол жеткізді.

Екі рет әйеліне қол көтерген ер адам жауапкершіліктен тағы құтылмақ болған
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда әйеліне екі рет күш көрсетіп, татуласу негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылған ер адамның ісіне Бас прокуратура араласты. Қадағалау органы сот шешіміне наразылық білдіріп, істі қайта қарауға жолдады. 

Ведомствоның мәліметінше, ер адам алғаш рет жұбайына жеңіл дене жарақатын келтірген. Кейін ерлі-зайыпты татуласқан соң, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Алайда арада көп уақыт өтпей, ер адам әйеліне қайтадан қол көтерген. Екінші жағдайда да іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Бас прокуратура мұндай шешіммен келіспеген. Қадағалау органының кассациялық наразылығы негізінде сот актісі жойылып, іс ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін қайта сот талқылауына жіберілді.

Бас прокуратура мұның жекелеген жағдай емес екенін атап өтті. Ведомство бұрын татуласу негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдардың кейін дәл осы негізбен қайта жауаптан құтылған тағы үш сот актісіне наразылық білдірген.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік 2024 жылдан бастап айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда, ұрып-соғу және қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық санатынан қылмыстық жауапкершілік аясына ауыстырылды.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, енді адамды дәл сол негізбен қайта-қайта жауапкершіліктен босатуға заң жол бермейді.

Ведомство заңның басты мақсаты — қорғауды қажет ететін адамды қорғау екенін атап өтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге ниетті екенін мәлімдеді. 

Материал авторы