116

Ерлан Қарин Құрылтай сайлауында дауыс берді

Астанада дауыс берген Ерлан Қарин Құрылтай сайлауын Қазақстан тарихындағы ауқымды өзгерістердің бір бөлігі деп бағалады.

Ерлан Қарин Құрылтай сайлауында дауыс берді
@tv24kz_kaz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. 

Ерлан Қарин елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында орналасқан №129 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Сайлаудан кейін журналистерге пікір білдірген ол қазіргі саяси науқанның ел тарихындағы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, биылғы сайлау наурызда өткен Конституциялық өзгерістерден кейінгі саяси реформалардың жалғасы саналады. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енсе, бүгінгі дауыс беру нәтижесінде елдің жаңа бір палаталы Парламенті — Құрылтайдың құрамы айқындалады.

«Бұл сайлауды тарихи оқиға деп атауға болады. Себебі наурызда жаңа Конституция үшін дауыс бердік. Ал бүгінгі сайлаудың қорытындысы бойынша жаңа бір палаталы Парламент — Құрылтайдың құрамы анықталады», — деді Ерлан Қарин.

Ол жаңа Парламенттің елдің саяси жүйесін қалыптастыруда маңызды институтқа айналатынын айтты. Құрылтай бірқатар мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың өкілеттік мерзімі мен құзыретін айқындауға қатысады.

Қариннің пікірінше, сайлаудың мәні мемлекеттік институттарды жаңартумен ғана шектелмейді. Қазіргі реформалар қоғамдық кеңістікке жаңа тұлғалар мен жаңа саяси күштердің келуіне, сондай-ақ қоғамдық-саяси күн тәртібінің жаңаруына ықпал етіп жатыр.

«Бүгін болып жатқан өзгерістер мен реформаларды ауқымы мен қарқыны жағынан соңғы жылдардағы, тіпті соңғы онжылдықтардағы Қазақстандағы ең ірі өзгерістердің бірі деп атауға болады. Бұл тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, бүкіл өңірдің дамуы үшін де маңызды», — деді ол.

Айта кетейік, 23 тамызда Қазақстан тарихында алғаш рет жаңа бір палаталы Парламент — Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Ел бойынша барлық сайлау учаскелері ашылып, дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. 

Материал авторы