ШҚО-дағы Шалқар көлінің жартасына «Санкт-Петербург» деп жазған шетелдіктер айыппұл арқалады
Шалқар көлінің жартасын шимайлаған шетелдіктер жауапқа тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Шалқар көлінің үшінші бөлігінде жартастың бетіне «Санкт-Петербург» деп жазып кеткен шетелдік азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті тексеру жүргізіп, табиғи нысанды бүлдірген азаматтардың жеке басын анықтаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жартастағы жазуды шетелдік азаматтар қалдырған.
«Санкт-Петербург» деген жазуды жартастың бетіне түсіргендер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жауапқа тартылды. Полиция олармен түсіндіру жұмыстарын да жүргізген.
Қазір жартастағы жазу өшіріліп жатыр. Құқық бұзушыларға Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттігі ескертілді.
Полицияның бұл әрекеті табиғи аумақтардағы тәртіп мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті. Әсіресе туристер көп баратын көрікті жерлерде табиғи нысандарды бүлдіруге жол берілмейді.
Материал авторы