Ақтөбелік балуан әлем чемпионы атанып, сыйға автокөлік алды
Ақтөбе тарихында алғаш рет грек-рим күресінен U20 санатында әлем чемпионы атанған жеңімпазды тұрғындар күтіп алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбелік жас балуан Қазыбек Қалмағамбетовке әлем чемпионатындағы тарихи жеңісінен кейін автокөлік сыйға тартылды.
19 жастағы спортшы Словакияда өткен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында 67 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Ол жарыс барысында төрт қарсыласын жеңіп, финалға жолдама алған.
Шешуші белдесуде қазақстандық балуан Беларусь спортшысы Михаил Марковскиймен кездесті. Кездесу 13:7 есебімен Казыбек Қалмағамбетовтің пайдасына аяқталды.
Осылайша ол U20 санатында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар Қалмағамбетов Ақтөбе облысының тарихында осы санатта әлем чемпиондығын жеңіп алған алғашқы спортшы болды.
Чемпион елге оралғанда оны Ақтөбе халықаралық әуежайында ата-анасы, туған-туыстары және жүздеген жерлесі қарсы алды.
Салтанатты шарада облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйледі. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың ұсынысымен ол жас чемпионға автокөліктің кілтін табыстады.
Қазыбек Қалмағамбетовтің жеңісі Ақтөбе спорты үшін айтулы жетістікке айналды. Жас балуанның әлемдік додадағы алтыны енді автокөлікпен марапатталған тарихи жеңіспен толықты.
Материал авторы