Дастан Сәтпаев «Бернлидегі» алғашқы сұхбатында Қазақстан жанкүйерлеріне үндеу жасады
Сәтпаев «Бернлиге» ауысуын мансабындағы дұрыс қадам деп санайтынын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Бернли» сапына ауысқаннан кейін жаңа клубындағы алғашқы сұхбатын беріп, командаға бейімделуі, бас бапкер Ники Хайенмен жұмысы және алдағы жоспарлары туралы айтты. Сондай-ақ футболшы Қазақстандағы жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Сәтпаев «Челсиден» «Бернлиге» 2026/27 маусымына жалға ауысқан болатын. Оның жаңа командадағы алғашқы күндері жақсы өткен. Футболшының айтуынша, әріптестері оны жылы қабылдап, қажет кезде үнемі қолдау көрсетіп жүр.
Жас футболшылардың да оған көмегі тиіп жатқанын айтқан Сәтпаев командадағы өзара қолдаудың маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, ойыншылар бір-бірінің қателігін көрсетіп, қай тұсты жақсарту керегін айтып, тәжірибесімен бөліседі.
«Бапкердің сенімі өте маңызды»
Сәтпаев «Бернли» бас бапкері Ники Хайен туралы да жақсы пікір білдірді. Футболшы жаттықтырушымен өзара түсіністік орнағанын айтты.
Бапкердің оның командаға ауысқанына қуанғанын жеткізуі Сәтпаев үшін маңызды болған. Енді ол осы қарқынды сақтап, кәсіби тұрғыда дамуын жалғастыруға ниетті.
Қазақстандық шабуылшы «Бернлиге» ауысуын мансабындағы дұрыс шешімдердің бірі деп санайды. Оның пікірінше, Чемпионшипте ойнау ағылшын футболына бейімделуге жақсы мүмкіндік береді.
«Қазір бар күшімді салып, алға жылжып, аянбай еңбек етуім керек», – деді футболшы.
Сәтпаев жаңа рекордтарға дайын
Футболшы бұған дейінгі жетістіктерімен шектеліп қалмайтынын да айтты. Оның сөзінше, алда бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар.
Сәтпаев болашақта тағы бірнеше рекорд орнатуы ықтимал екенін айтып, басты міндеті – жұмысын тоқтатпай, әрі қарай даму екенін жеткізді.
Алғашқы матч қашан болуы мүмкін?
23 тамызда «Бернли» «Вест Бромвич Альбионға» қарсы алаңға шығады. Сәтпаев осы кездесуде жаңа клубындағы алғашқы матчын өткізуі мүмкін.
Қазақстандық футболшы бұл сәтті асыға күтіп жүргенін айтты. Оның пікірінше, ойынның өзі – футболшы үшін ең жақсы дайындық.
Сәтпаев «Бернли» жанкүйерлеріне де қолдауы үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге Қазақстандағы жанкүйерлерінің ықыласын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, «Челсиде» маусым алдындағы дайындық кезінде жүргенде де қазақстандық жанкүйерлер әр матчтан кейін және әлеуметтік желідегі жазбаларының астында оны қолдап отырған.
Футболшы Еуропада Қазақстанның футболда өз орнын көрсете алатынын дәлелдеуге ниетті екенін жеткізді.
«Бұл – менің елім. Солар үшін Еуропа футболында Қазақстанның да жарқырай алатынын дәлелдеймін», – деді Дастан Сәтпаев.
Материал авторы