Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берді
Тоқаев бір палаталы Құрылтай сайлауын «тарихи оқиға» деп атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.
Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Дауыс бергеннен кейін Президент бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі саяси науқанның ел тарихындағы маңызына тоқталды.
«Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда ауқымды реформалар жүргізіліп, олардың нәтижесі де бар. Алайда ел алдында әлі де көлемді міндеттер тұр.
«Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады», – деді ол.
Президент бүгінгі сайлауды атқарылатын үлкен жұмыстың алғашқы қадамы деп бағалады.
«Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Материал авторы