Көктайғақ пен бұрқасын: 4 наурызға арналған ауа райы жарияланды
4 наурызда Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазгидромет 4 наурызға арналған дауылды ескерту таратты. Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі.
Абай облысында күндіз жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында жауын-шашын түсіп, тұман мен көктайғақ болады, жел екпіні де 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы қаласында тұман түсіп, жолдар тайғақ болады, желдің жылдамдығы күндіз 15 м/с-қа жетеді. Қонаевта түнде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ байқалады.
Түркістан облысында және таулы өңірлерде кей уақыттарда қатты жаңбыр мен қар жауады, жаяу бұрқасын, көктайғақ, қалың тұман күтіледі. Жел бағыты өзгеріп, тау асуларында екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Шымкент қаласында да жауын-шашынмен қатар тұман мен қатты жел болжанып отыр.
Қарағанды мен Ұлытау облыстарында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын және көктайғақ болады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында да ауа райы қолайсыз: қар, жаңбыр, бұрқасын, тұман және тайғақ жол күтіледі. Желдің екпіні кей өңірлерде 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Маңғыстау мен Атырау облыстарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Павлодар және Қызылорда облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман мен тайғақ жол сақталады. Жетісу облысының таулы аймақтарында және Алакөл маңында жел екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді. Жамбыл облысында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ және күшті жел күтіледі. Ақмола облысында да қар, бұрқасын, тұман және тайғақ жол болады.
Астана қаласында 4 наурыз күні жолдарда көктайғақ болады, күннің екінші жартысында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Синоптиктер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ауа райының күрт нашарлауына байланысты барынша сақ болуға шақырады.
Материал авторы