248

Қазақстанда көпбалалы отбасыларға 114 млрд теңге төленген

Жыл басынан бері 877 мың адамға жәрдемақы алған.

Қазақстанда көпбалалы отбасыларға 114 млрд теңге төленген
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда көпбалалы отбасылар мен мемлекеттік наградалармен марапатталған аналарға 114 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері 629 мың көпбалалы отбасы 99,4 млрд теңге алған. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» секілді марапаттарға ие болған 247,8 мың анаға 14,6 млрд теңге төленген.

Тек ақпан айында осы мақсатқа бюджеттен 57,5 млрд теңге бөлінген.

Жәрдемақы төрт және одан көп баласы бар отбасыларға беріледі. Балалардың жасы 18-ге дейін болуы тиіс. Егер бала күндізгі бөлімде оқыса, төлем 23 жасқа дейін жалғасады. Бұл төлем отбасының табыс деңгейіне қарамастан тағайындалады.

Жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты өзгереді. Мысалы, төрт баласы бар отбасылар шамамен 69 330 теңге алады. Ал сегіз және одан көп баласы бар отбасыларда әр балаға 17 300 теңгеден төленеді.

Сонымен қатар ай сайынғы төлем мемлекеттік марапатқа ие аналарға да беріледі. «Күміс алқа» иегерлері 27 680 теңге алады. Ал «Алтын алқа», «Батыр ана» атағы немесе «Ана даңқы» орденінің иегерлеріне 32 005 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалы отбасыларға арналған барлық мемлекеттік әлеуметтік төлемдер 10 пайызға арттырылған.

Материал авторы