«Жасөспірімді зорлады деген»: БҚО-да қамауда отырған шенеунік көз жұмды
Күдікті 25 ақпанда қамауға алынған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында қамауда отырған күдіктінің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол 16 жастағы қызға қатысты ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған еді.
Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам 25 ақпанда заң талаптарына сай қамауға алынған.
11 наурыз күні оның денсаулығы күрт нашарлап, облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған бауырдың некрозды токсикалық зақымдануы және инсулинге тәуелді қант диабетінің кетоацидоз түрі диагноздарын қойған.
Алайда 16 наурыз күні кешкі сағат 18:10 шамасында ол есін жимастан қайтыс болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Ведомство басқа ақпараттың Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында бұрынғы шенеунік 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынғаны хабарланған болатын.
Бұл іс қоғамда резонанс тудырып, кең талқыланған еді.
Материал авторы