Көкшетауда алиментін төлей алмаған ер адам бүйрегін сатпақ болды
Қарыз қысқан ер адам бүйрегін сатылымға шығарған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетау қалалық соты Алматы облысының 34 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Ол өз бүйрегін заңсыз сатуға әрекеттенді деп айыпталған.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында ер адам әлеуметтік желіде бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Көп ұзамай оған «сатып алушы» хабарласқан. Алайда бұл адам құқық қорғау органдарымен бірлесіп әрекет еткен.
Ақпанда күдікті Көкшетауға медициналық тексерістен өтіп, мәмілені рәсімдеу үшін барған. Сол жерде ол жалған сатып алушыдан ақшаның бір бөлігін алып жатқан сәтте ұсталған.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, мұндай қадамға қаржылық қиындық пен алимент бойынша қарызы итермелеген.
Сот бұл істе жеңілдететін мән-жай ретінде оның шынайы өкінішін, ауыр материалдық жағдайын және қылмыстың нақты зардаптарға әкелмегенін ескерген.
Сот шешімімен ер адам екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробациялық бақылауға алынған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы