369

Нөсер, тұман, дауыл: 24 наурызда Қазақстанда ауа райы күрт нашарлайды

Бірқатар өңірде жаңбыр мен найзағай күшейеді.

Нөсер, тұман, дауыл: 24 наурызда Қазақстанда ауа райы күрт нашарлайды
forpost-sz.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, синоптиктер 24 наурызға арналған болжамда Қазақстанның көп бөлігінде қолайсыз ауа райы күтілетінін ескертті. Бірқатар өңірде нөсер жаңбыр, найзағай, тұман мен қатты жел қатар жүреді.

Алматы облысында және Алматы қаласында кей уақытта нөсер жаңбыр мен найзағай күтіледі. Таулы аймақтарда жауын-шашын аралас (жаңбыр, қар) болып, жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Түнгі уақытта тұман түседі.

Жетісу облысының таулы өңірлерінде де қатты жауын-шашын болжануда. Желдің екпіні кей сәттерде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Ал Қарағанды облысында тұман түсіп, түнгі және таңғы уақытта жолдарда көктайғақ болады.

Батыс өңірлерде де жағдай тұрақсыз. Маңғыстау мен Атырау облыстарында найзағай ойнап, кей жерлерде тұман түседі. Атырау өңірінде шаңды дауыл соғып, жел күшейеді. Қызылорда облысында да шаңды дауыл күтіледі.

Солтүстік және шығыс аймақтарда – Ақмола, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында тұман мен көктайғақ негізгі қауіп болмақ. Жел екпіні бірқатар өңірде 15–20 м/с-қа дейін жетеді.

Оңтүстікте, әсіресе Түркістан мен Жамбыл облыстарының таулы аудандарында жаңбыр, найзағай және түнде аралас жауын-шашын болжанып отыр.

Астанада түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға және жолда сақтық шараларын күшейтуге шақырды.

Материал авторы