Қазақстанда дауылды ескерту: тұман мен тасқын қаупі күшейді
Қар еріп, бірнеше өңірде су басу қаупі бар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, тұман, жел күшеюі және қардың жаппай еруі күтіледі. Синоптиктер 16 өңір мен Астанада дауылды ескерту жариялады.
«Қазгидромет» мәліметінше, 23 наурызда елдің көптеген өңірінде қолайсыз метеожағдайлар сақталады. Астанада мезгіл-мезгіл тұман түседі.
Ақмола облысында да тұман күтіледі, кей жерлерде желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Жетісу облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.
Қарағанды, Ұлытау, Павлодар және Қостанай облыстарының бірқатар бөлігінде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.
Алматы және Атырау облыстарында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Кей өңірлерде жел күшейіп, екпіні 20 м/с-қа дейін барады.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жағдай күрделірек. Ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашынның әсерінен 23–25 наурыз аралығында қар қарқынды еріп, өзендердегі су деңгейі көтеріледі. Мұз қабаты әлсіреп, су тасқыны мен аумақтарды су басу қаупі бар.
Жамбыл және Түркістан облыстарында нөсер жаңбыр мен найзағай болжанып, таулы аймақтарда су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Бұл өңірлерде де тасқын қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысында температураның күрт көтерілуі (кей жерлерде +22 градусқа дейін) қардың жаппай еруіне әкелуі мүмкін. Соның салдарынан өзендерде су деңгейі көтеріліп, кей аумақтарды су басу қаупі бар.
Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да тұман түсіп, жел күшейеді.
Синоптиктер азаматтарды сақ болуға шақырып, әсіресе жолда және өзен-көл маңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.
Материал авторы